
Қарағандыда облыс мұражайларының туристік қызмет түрлерімен таныстыру рәсімі өтті. Шараны ұйымдастырушылар – облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы және облыстық тарихи-өлкетану мұражайы. Олардың ұсынып отырған қызметтеріне жергілікті және елордалық турфирмалар қызығушылық танытты.
Таныстыру көрмесі Кеншілер мәдениет сарайында өтті. Туристік маршруттар көрсетілген стендттерді аймағымыздың барлық 16 мұражайы ұсынды. Қатысушылар үлестірме материал мен кәдесыйлар әзірлеген екен. Жобаның мақсаты – өңіріміздің тарихи-мәдени мирасын көпшілікке таныстыру және ішкі туризмді дамыту.
Жезқазған аумағында Жезді елді мекенінде тау-кен және балқыту өндірісінің тарихынан сыр шертетін арнайы мұражай бар. Ондағы экспозициялар палеолит заманынан қазіргі уақытқа дейінгі кезеңді қамтиды. Жәдігерлердің бір бөлігі ашық аспан астында орналасқан. Мұражайға келушілер көне замандағы мыс балқыту пештерінің әрекеттегі макеттерін, руда тастарын, раритеттерді өз көздерімен тамашалай алады. Бұл тек Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия бойынша осы бағыттағы жалғыз мұражай болып табылады. Мекеме қызметкерлері «Мыс жолы. Уақыттан тыс саяхат» атты тур құрастырған.
Нұра ауданында егін алқаптарының эволюциясы жайлы мәлімет алуға болады. Ал Бұқар Жырау ауданы өздерінің жергілікті аңыздарымен туристерді тартпақ. Соның бірі – қазақ батыры Нарбота мен қалмақ қызы Цэцэн жайлы аңыз Ботақара елді мекенінің атауы жайлы сыр шертеді. Жаңаарқа және Шет аудандары кесенелерді аралау турларын ұсынды.
«Біздің облысымызда ішкі туризм әлі тиісті деңгейге көтерілмеген. Ол олқылықтың орнын мұражай қызметкерлері толтыруды жөн көріп отыр. Себебі мұражайлар өлкетану бойынша көптеген тарихқа толы материалдармен бай. Бұл осымен екінші рет өткізіліп отырған таныстыру көрмесі. Біріншісі ақпан айында пилоттық жоба ретінде өтіп, оң баға алды,- дейді Қарағанды обыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми-методикалық бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Құдаринова. – Біз турфирмаларға серіктес болуды ұсындық. Себебі әрбір мұражайда мамандандырылған экскурсоводтар, аудармашы гидтер бар».
Қарағанды облысында 16 мұражай жұмыс істейді. Аймағымызда Қазақстан Республикасының тарихи нысандар реестріне енгізілген, оның ішінде 22 – республикалық маңызға ие, 1500-ден астам жергілікті деңгейдегі 2700 археология және көне сәулет ескерткіштері бар. Солардың жартысына жуығы алдын ала есепке алынған.