3750 қарағандылық оқушылар тегін ЭКСПО-ға барады

3750 қарағандылық оқушылар тегін ЭКСПО-ға барады

Қарағанды облысында оқушылардың Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне тегін баруы үшін бюджеттен қаражат бөлінді. Бірінші топ елордаға 12 маусымда аттанады.
«Бюджет қаражаты есебінен ЭКСПО-ға облысымыздың 3750 оқушысы барады. Ол дарынды балалар, балалар үйінің тәрбиеленушілері және тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларындағы бүлдіршіндер. 1050 дарынды балалар мен жетімдер үйі балаларының тегін сапарына облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Ал 2700 жағдайы төмен отбасыларынан шыққан балаларды тегін елордаға аттандыру үшін жергілікті қалалық және аудандық бюджеттерден қаржы қарастырылды. Олар әлеуметтік қорғау санатындағы бүлдіршіндер», - деді аймақтық байланыс қызметінің брифингі барысында Облыстық кәсіпкерлік басқармасының жетекшісі Татьяна Аблаева.
Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, сапар екі күнге созылады. Бағдарламада ЭКСПО-ны және елорданы аралап шығу қарастырылған. Қарағандылық балалар Астана қаласының политехникалық колледжінің жатақханасында орналастырылады. Оқушыларды тамақтандыру мәселесі де шешілген. Бір оқушының сапарына бюджеттен 27 мың теңге бөлінген. ЭКСПО билеттері ресми туроператорлардан сатып алынған.
Оқушылардың бірінші тобы маусымның 12-де аттанады. Жәнеде экскурсиялар ЭКСПО-ның жабылуына дейін, яғни 10 қыркүйекке дейін жалғасады.
Сонымен қатар оқушылар мен студенттер ЭКСПО-ға билеттерді 50% жеңілдікпен – 2000 теңгеге сатып ала алады.