Ерлан Қошановты балалар үйінде жас әріптесі қарсы алды

Ерлан Қошановты балалар үйінде жас әріптесі қарсы алды

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Балаларды қорғау күнінде «Таңшолпан» балалар үйінде болып қайтты. Аймақ басшысы бұл жерде де жас қызметкерлері бар «әкімдік» бар екенін білді. Балалар үйін аралап шығып, бүлдіршіндермен танысқан соң, ол осында жиі келіп тұруға уәде берді.
«Таңшолпан» еліміздегі отбасылық үлгідегі алғашқы балалар үйі. Ол 2001 жылы құрылған болатын. Бүгінгі таңда мұнда ата-анасының қарауынсыз қалған 7-18 жас аралығындағы 98 бала тәрбиеленіп жатыр. Олар 8 отбасылық топқа бөлінген.
Тәрбиеленушілерді дамыту үшін балалар үйінде шеберхана, шығармашылық және дыбыс жазу студиялары, радио және фото үйірмелер бар. Түрлі спорттық секциялар жұмыс істейді. Сонымен қатар балалар «Жас-қанат» өзін өзі басқару органын құрған. Оны әкім басқарады.
Ерлан Қошанов мұнда өзінің әріптесімен танысты. Әкім Виолетта Мурзина аймақ басшысына балалар үйіне экскурсия өткізді. Оның оқу, еңбек, мәдениет және спорт істері бойынша орынбасарлары бар екен.
«Маған сіздерде қонақта болу қатты ұнады. Сіздер жайлы көп естігенім бар. Енді міне, осында келіп өз көзіммен көріп отырмын. Жетістіктеріңіз зор екен. Балалар ақылды, спортпен шұғылданады. Көптеген түлектеріңіз еліміздің лайықты азаматтарына айналды. Бүгін мен сіздерді құттықтауға келдім. Ал келешекте тек мейрамдарда ғана емес, жай күндері де жиі келіп тұруға уәде беремін», - деді Ерлан Қошанов.
Ол елімізде балалардың тәрбиелену мен дамуы үшін барлық жағдай жасалып жатқанын атап айтты. «Сіздер өз өмірлік бағыттарыңызды табатындарыңызға сенімдімін. Бірінші кезекте, оның барлығы өз қолдарыңызда. Ең бастысы – өздеріңізге сенімді болуларыңыз керек», - деді облыс әкімі балаларға.
Мереке күні аймақ басшысы балаларға құр қол келмеді. Ол балалар үйіне спорттық жабдықтар мен 10 млн. теңгеге сертификат табыс етті. Бұл қаражат Қарқаралы ауданындағы «Таңшолпанға» тиесілі «Жас дәурен» лагерінде спорт алаңын салуға жұмсалмақ.
Тағы бір сыйлық алдағы уақытта табысталады. Ерлан Қошанов балалар үйін аралап жүргенде теннис үстелінің тозғанын байқап, бүлдіршіндерге жаңа жабдық сыйлауға уәде берді.
Қарағанды облысында 9 мемлекеттік балалар үйі бар. Сонымен қатар Теміртау қаласында SOS Балалар ауылы мен Саран қаласындағы жеке меншік «Преображение» балалар үйі.