
Қарағанды облысының тұрғындары Астана қаласында 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне 90 мыңнан астам билет сатып алған. Ол жайлы облыстық Кәсіпкерлік басқарамасының жетекшісі Татьяна Аблаева аймақтық байланыс қызметінің брифингі барысында мәлімдеді.
«Болжам бойынша 200 мыңға жуық қарағандылық көрмеге барады. Бүгінгі таңда облыс тұрғындары ЭКСПО-ға 90 мыңнан аса билет сатып алған. Көрме әлі үш ай жұмыс істейді. Ашылу салтанатынан соң елдің қызығушылығы артады да, шараға барамын деушілер қатары толығады, тағы да билеттер сатып алады. Осыдан біз орташа есеп құрып отырмыз», - деді Татьяна Аблаева.
Оның ойынша, әрбір қазақстандық бұл көрмеге баруы тиіс.
«Осындай ауқымды шараны өткізу мәртебесіне ие болған елімізді мақтан тұтуымыз қажет. Қарағанды Астана қаласынан 200 шақырым жерде орналасқанын ескерер болсақ, ол көрмені көріп қайтуға біздің аймақтан барғысы келетіндер саны үлкен болады деп ойлаймыз», - деп қосты басқарма басшысы.
Қарағандыдан ЭКСПО-да жұмыс атқаруға 250 еріктілер аттанады. Олардың басым бөлігі шет тілдерін жақсы білетін студенттер. Олар елордаға 2 маусымда барады.