
Абайда «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл жылу жүйелерін қалыпқа келтіру жұмыстары басталды. Бүгін облыс әкімі Ерлан Қошанов бұл жұмыс қалай жүріп жатқанын тексерді.
Жоба бойынша 2 078 м магистральді жылу жүйелері ауыстырылады. Сонымен қатар аумағы 34,2 шаршы метр жылу камерасы салынып жатыр. Мердігер - «Агропромремстрой» ЖШС.
-Жұмыстар осы жылдың мамыр айында басталды. Жылу жүйелерін қалыпқа келтіру жұмыстарын қазанда аяқтау жоспарланған. Бірақ біз жылу беру маусымы басталғанға дейін бітірсек деп отырмыз. Бүгінгі күні жұмыс 80 пайызға орындалды. Қазір бұл жерде 55 адам еңбек етіп жатыр. Барлық техника мен қажетті материалдар бар. Қолданылып жатқан материалдардың 70-80 пайызы Қазақстанда жасалған, - деді облыс әкіміне «Агропромремстрой» ЖШС директоры Сатыбалды Жолдыбаев.
Ерлан Қошанов жұмыстардың кесте бойынша уақытылы аяқталу мерзімін назарға алуды тапсырды.