
Қазақстанда 12 қаңтарда үш өңірден басқа автокөлік иелеріне мемлекеттік қызметтерді ұсыну үшін мамандандырылған ХҚКО-лар жұмыс істей бастады. Жұмыс кестесі – 09:00-ден 18:00-ге дейін (дүйсенбіден жұмаға дейін).
Мамандандырылған ХҚКО ғимаратына кіру Ashyq қосымшасы бойынша жүзеге асырылады. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты клиенттер санитарлық қауіпсіздік ережелерін сақтауы керек – әлеуметтік қашықтықты сақтап, бетперде киюі тиіс.

– Автоқызметтер ең сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің бірі болып қала береді. Қазір ХҚКО жұмысы қайта басталады, және біз клиенттер ағыны ұлғаюын күтудеміз. Сондықтан осы жағдайға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Сондай-ақ, автокөлікті Kaspi және Halyk Homebank банктік қосымшалары арқылы қайта ресімдеуге болады. Автоцондарда дүрлікпе тудырмау үшін осы сервистерді пайдалануды ұсынамын, – деді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Басқарма Төрағасы Әділ Қожихов.
Әзірге Алматы қаласының, Алматы және Жамбыл облыстарының мамандандырылған ХҚКО-тары жабық күйінде қалып отыр.
ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ақпараты бойынша