Қарағанды университетінің профессоры «Үздік ғылыми қызметкер – 2021» сыйлығына ие болды

Қарағанды университетінің профессоры «Үздік ғылыми қызметкер – 2021» сыйлығына ие болды

Қарағанды техникалық университетінің профессоры Аристотель Исағұлов «Үздік ғылыми қызметкер – 2021» республикалық байқауының жеңімпазы атанды. Ол отандық ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан қазақстандықтарды қолдауға және көтермелеуге бағытталған сыйлыққа ие болды.

Конкурсқа жеті бағыт бойынша 575 ғалым мен ғылыми қызметкер қатысты: «Жаратылыстану ғылымдары», «Инжиниринг және технологиялар», «Медицина және денсаулық сақтау», «Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар», «Ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары», «Әскери ғылымдар және Ұлттық қауіпсіздік».

Жеңімпаздарды анықтайтын комиссия құрамына жетекші ғалымдар, тәуелсіз сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері, жас ғалымдар кеңесі мен жас ғалымдар альянсының мүшелері кірді.

Техника ғылымдарының докторы, профессор «Қарағанды техникалық университеті» КЕАҚ атқарушы директоры Аристотель Исағұлов тау-кен металлургия саласын технологиялық жаңғыртуға бағытталған үлкен жұмыс атқарды. Оның зерттеу нәтижелері 26 кәсіпорында сәтті енгізілді, оның ішінде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қарағанды машина жасау консорциумы» ЖШС, «Қазақмыс» корпорациясының ҚҚМЗ.

Ол 1086 ғылыми еңбектерін – монографиялар, ғылыми мақалалар, патенттер, оқулықтар мен оқу құралдарын шығарды. Үш ғылым докторын және 18 ғылым кандидатын, 15 PhD докторын дайындады.

Бұл қарағандылық ғалымның алғашқы марапаты емес. Өткен жылы ол университеттегі бір топ әріптестерімен бірге әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

Профессор Аристотель Исағұлов атап өткендей, оның ғылыми-зерттеу қызметіндегі жетістіктері Қарағанды техникалық университетінің ғылыми кешенімен тікелей байланысты, оның құрамында металлургия, тау-кен ісі, машина жасау, құрылыс, өндірістік процестерді автоматтандыру және т. б. салалардағы ғылымды қажетсінетін және цифрлық технологиялар негізінде өнім сапасын арттыру бойынша өндіріске қажет жаңа ғылыми бағыттар қалыптастырылып, дамытылды.

«Үздік ғылыми қызметкер – 2021» сыйлығымен ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының 50 ғалымы марапатталды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, олардың әрқайсысы 2 мың АЕК, яғни 5 миллион 834 мың теңге көлемінде куәлік пен ақшалай сыйақы алады.