Кәсіпкерлер фискалды чектерді ТЖ кезінде тауарлық чектермен алмастыра алады

Кәсіпкерлер фискалды чектерді ТЖ кезінде тауарлық чектермен алмастыра алады

Төтенше жағдай және интернет болмаған кезеңде кәсіпкерлер онлайн бақылау-касса машиналарының фискалдық чектерінің орнына тауар чектерін бере алады. Бұл туралы Қарағанды облысының Мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады.

«Тауарлық чекті электр энергиясы болмаған немесе бақылау-касса машиналары (БКМ) ақаулы болған жағдайда береді. Оның ішінде фискалдық деректер операторы ұсынатын телекоммуникация желілері арқылы онлайн-БКМ-нан деректер берілмейтін кезде», – деп атап өтті өңірдің Мемлекеттік кірістер департаментінде.

Сондай-ақ, ТЖ режимінің енгізілуіне және интернет жұмысындағы іркілістерге байланысты кәсіпкерлер тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды (ТІЖ) қағаз жеткізгіште ресімдей алады немесе NON ТІЖ белгісі бар электрондық шот-фактураларды жазып бере алады.

«Интернетте іркілістер болуына қатысты және ТЖ енгізілген режиміне байланысты, қажет болған жағдайда, салық төлеушілер шот-фактураларды қағаз тасымалдағышта жазып, кейіннен ЭШФ ақпараттық жүйесіне осы жылдың 19 қаңтарынан кейін күнтізбелік 15 күн ішінде енгізуге құқылы. Бұл ретте айыппұл санкциялары қолданылмайды», – деп атап өтті Қарағанды облысының МКД.

Сонымен қатар, ведомство ТЖ кезінде кедендік декларацияларды беру мүмкіндігінің жоқтығы үшін айыппұлдарды қолданбайтындықтарын және сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды жауапкершілікке тартпайтындықтарын мәлімдеді.