
Бүгін, 27-ші қазанда тендерде қарағандылық «Шахтер» футбол клубының тағдыры шешілді. Ол сенімді басқаруға ауысады. Ал бес жыл өткен соң 380 млн теңгеге жеке меншікке өтуі мүмкін. Клубтың сенімді басқарушысы жергілікті қоғамдық қор болады.
- «Шахтер» ФК-ын 5 жылдық мерзімде сатып алу құқығымен сенімді басқаруға беру бойынша тендер өтті. Үш үміткер болды. Қарағандыда орналасқан, қоғамдық қор түріндегі заңды тұлға жеңімпаз деп табылды, - деді облыстық Мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының орынбасары Айжан Дүрсін. – Бастапқы баға 1000 теңге болды, ал сатылым құны 380 млн теңгеге дейін өсті. Сенімді басқарушы бес жылдан соң спорт клубын өзінің меншігіне инфляция деңгейінің индексациясын ескере отырып осы бағаға сатып ала алады.
Он күн аралығында сенімді басқаруға келісімшартқа қол қойылады. Сонан соң алып-тапсыру рәсімі өтеді, содан кейін сенімді басқарушы өзінің құқығына енеді.
Белгіленген мерзім аралығында мемлекеттік құрылымдар сенімді басқарушының қызметін қадағалап отыратын болады. Егер ол өзінің ниеттілігі мен ауқаттылығын дәлелдей алса, бес жыл өткен соң спорт клубының толыққанды иегері атана алады.
Сонымен бірге «Сарыарқа» хоккей клубына қатысты тендер өтінімдер болмағандықтан өткізілмеді. Бастапқы бағасы 161 млн теңге болған бұл нысанды сенімді басқармаға аламын деушілер табылмады. Ереже бойынша келесі саудада оның бағасы екі есеге түсуі тиіс. Екінші сауда қарашаның 17-не белгіленді.
Осыған дейін мәлімделгендей, жекешелендірудің екінші толқыны шеңберінде бірқатар қарағандылық спорт нысандарын бәсекеге қабілетті ортаға ауыстыру туралы шешім қабылданған болатын. Олардың қатарында – «Шахтер» ФК, «Сарыарқа» ХК бар.
Облысымызда 2016-2020 жылдарға арналған Кешендік жекешелендіру жоспары жүзеге асырылуда. Барлығы бәсекелестік ортаға 28 ұйым берілмек, оның 24-і 2017-ші жылы саудаға салынды.
«Шахтер» ФК 208 млн теңгеге бағаланды. Алайда тендерге оны 1000 теңгеге саудалаған, себебі жеңімпаз өз мойнына несиелік қарызды да алады.