
Қарағандыдағы алғашқы электробус қаламызда бір ай бұрын пайда болды. Ал соңғы 10 күн аралығында ол қарағандылықтарды 66-шы маршрут бойынша жолаушыларды тасымалдауда. Қазіргі таңда оның аязға шыдамдылығы сыналып жатыр. Тестілік режимдегі қозғалыстар желтоқсанға дейін жалғасады. Сол уақытта №2 автопаркте шешім қабылданады – оны жеке меншікке салып алу немесе алмау туралы.
Бұл көлік негізгі базасы Тараз қаласында орналасқан бірлескен Higer Quazar қазақстан-қытай кәсіпорнымен өндіріледі. Ұзындығы 12 метрді құрайтын және шамамен 100 адамды сыйдыратын мұндай экологиялық автобустың құны 280 000 долларды құрайды.
- Осындай автобустар дизельдік балама көліктерге қарағанда 6-8 есе тиімдірек, - дейді электроавтобустар жобасының жетексіші Роман Миразимов. – Егер мысалы, бір күндік километражды өту үшін біз дизельдік автобусқа 20 мың теңгеге жанармай құятын болсақ, электроавтобусқа небары 2 мың теңге қажет. Сонымен бірге жанар-жағармаймен жұмыс істейтін барлық көліктер сүзгілерді, клапандарды және жанармаймен жанасатын барлық бөлшектерді ауыстыруды қажет етеді және ластанады. Электроавтобустарда ондай жоқ.
Higer Quazar шығаратын электроавтобустарда бірқатар артықшылықтар бар. Аккумуляторды толығымен небары 8-10 минутта қуаттандыруға болады. Батареялар литий титанатынан жасалған. Бұл материал оларға -50 градус аязға дейін қуаттылығын жоймауға мүмкіндік береді, сонымен қатар 20 000-нан астам тиімді жұмыс істеу циклдеріне ие. Ол дегеніміз, батареяны 20 000 рет және одан да көбірек қуаттандыруға болады, жәнеде ол жағдайда өзінің қасиеттерін жоғалтпайды. Қуаттандыру циклінің саны автобусты пайдалану мерзіміне толықтай жетеді – 10 жылға.
Облыс және қала әкімдері Ерлан Қошанов пен Нұрлан Әубәкіров те қаламыздағы алғашқы электроавтобуста жүріп қайтты.
- Уақыт өте келе біз Қарағандыдағы барлық автобустарды электр көліктерге ауыстырамыз, - деп болжайды Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров. – Әрине, ол бір мезетте болмайды, себебі олардың құны өте қымбат. Алайда ол – заман талабы. Ол бұрындары барлығында пернелі телефондар болып, қазір сенсорлы смартфонға ауысқанмен бірдей. Көлікпен де солай. Әлем біртіндеп жанармаймен жүретін автокөліктерден бас тарта бастайдыда, экологиялық электр көліктерге отырады. Осы автобус туралы нақты айтар болсақ, оның сыйымдылығы орташа, ал біз үлкендеулерін алғымыз келеді, мысалы №43 маршруттағы автобустар секілді. Егер осы автобус барлық сынақтардан сәтті өтсе, біз осының үлкендеу баламасын сатып алуға келіссөздер жүргізе бастаймыз.
Айта кету керек, Қарағандыда электроавтобустарға арналған екі қуаттаушы құрылғылар орнатылған: №2 автопаркте және №66 маршруттың Оңтүстік-Шығыстағы авто бекеттегі соңғы аялдамасында.