Қарағанды медициналық университетінде алғашқы Республикалық «HealthTech» студенттік хакатоны өтіп жатыр

Қарағанды медициналық университетінде алғашқы Республикалық «HealthTech» студенттік хакатоны өтіп жатыр

«HealthTech» бірінші республикалық студенттік хакатоны 27-ші сәуірде Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінде басталды. Қатысушылар 48 сағат ішінде сараптамалар қорытындысы бойынша диагноз қойып, қажетті дәрі-дәрмектерді таңдап, дәрігерге жазылуға, статистикалық мәліметтер жинауға мүмкіндік беретін мобильді қосымша жасап шығулары керек.
Хакатон – бағдарламалаушылар, дизайнерлер, менеджерлер секілді түрлі сала мамандары бірлесе отырып, белгілі-бір проблеманы шешу үшін бас қосатын форум. Биылғы жылы хакатон «HealthTech» деп аталып, денсаулық сақтау тақырыбына арналды.
Оған еліміздің сегіз оқу мекемелерінен: Қарағанды мемлекеттік медициналық университеті, Семей мемлекеттік медицина университеті, Астана қаласының сауда, қаржы және экономика университеті, Қарағанды экономикалық университеті, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, Қарағанды қаласының техникалық-құрылыс колледжі және «Шаг» академиясынан жиналған 50 студент қатысты.
Әр команданың құрамына медициналық және техникалық мамандықтың студенттері кіреді. Қатысушыларға менторлар – медицина қызметкерлері, фармокологтар, IT-мамандар көмектеседі.
- Біз тапсырма ретінде қосымша жасауды ұсынамыз. Қатысушылар оны қалай орындағанын қорытынды таныстырма кезінде білетін боламыз. Тапсырмаларымыз әртүрлі: ол диагнозды онлайн түрде қою, бағасы мен сапасына қарай отырып, дәрілерді таңдау, дәрігерге қаралуға онлайн жазылу, е-зертхана, сатистикалық мәліметтерді жинау бойынша қосымша. Біз қатысушыларға бағдарламалау тілі мен интерфейсті таңдауда шектеу қоймаймыз, барлығын өз қалауынша жасауларына болады, - дейді ҚММУ жастармен жұмыс істеу бөлімінің бас маманы Александр Урмашов.
Қосымшаларды бағалаудағы басты критерийлер – аяқталымдылығы мен жұмыс істеу. Үздік жобалар Қарағанды облысы мен еліміздің басқа аймақтарында іске қосылуы, жәнеде келешекте бұл қосымшалар кешендік медициналық ақпараттық жүйеге енгізілуі мүмкін
- Жеңімпаз команда сыйлық ретінде 250 мың теңге алады. Қатысушылар бұл қаражатты өзара бқлісіп алуына болады, немесе ортақ бір қажетті нәрсе алуларына, не болмаса ортақ жобаға салуларына болады, - дейді хакатон ұйымдастырушыларының бірі Вилен Молотов-Лучанский.
Шара Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің, Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы, Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы, «Қалалық алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек орталығы» ЖШС, «Гиппократ» заманауи медициналық технологиялар орталығы және «Даму» ақпараттық технологиялар орталығы» ЖШС қолдауымен өтеді.
Хакатон қорытындысы 29-шы сәуірде шығарылады.