
Бүгін «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалында әскери қызметкерлер көрсеткен ерліктері, берген анты мен қызметіне деген адалдығы үшін марапатталды.
ІІ дәрежелі «Ел қорғаны» медалімен Қазыбек би атындағы ауданның қорғаныс істері бойынша бөлімінің заңды тұлғалармен жұмыс жүргізу тобының бастығы, кіші сержант Зәуре Шахабаева марапатталды. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің Грамотасы Октябрь ауданы қорғаныс істері бойынша бөлімнің бастығы Думан Бәкіровке табысталды.
Марапаттарды «Астана» аймақтық қолбасшылығының әскер қолбасшысы Қайдар Қарақұлов табыс етті.
Өткен жылдың 10-шы желтоқсанында Зәуре Шахабаева С.Сәпиев атындағы спорт кешенінде өткен би байқауына өзінің кіші қызын алып келген.
- Менің алдымда бір қыз бала келе жатты, сонан соң бір мезетте ол жоқ болып кетті. Мен оның құдыққа түсіп кеткенін бірден сездім. Көп ойланбастан жүгіріп барып, құдыққа бас сұқтым да, қолынан ұстап үлгердім. Әрі қарай не болғанын білмеймін. Есімді жедел жәрдем көлігінің ішінде ғана жинадым, - деп еске алады Зәуре Шахабаева.
Соның арқасында Ақтоты есімді қыз бала қатты жарақаттардан аман қалды. Алайда, егер Зәуре жылдам әрекет етпегенде ол оқиға қайғылы аяқталар еді. Құдықтың тереңдігі 2 метрден асады, жәнеде оның түбінде өткір темірлер көп болған.
Подполковник Думан Б»кәров 17-ші желтоқсанда Қарқаралыға бара жатқанда трассада тұрған автобусты көрген. Көліктің жанынан жай ғана өтіп кете алмай, жағдайды сұрауға тоқтаған.
- Көмек қажет шығар деп ойладым. Ол автобус «Шахтер» демалыс орнына бара жатып, сынып қалған екен. Жолаушылардың арасында әйелдер мен балалар болды.
Думан Бәкіров өз көлігімен бірнеше рейс жасап, автобус жолаушыларын межелі жерге жеткізіп салған.
- Адамдарды қиын жағдайда тастап кетуге болмайды ғой, онда әйелдер мен кішкентай балалар жаурап қалар еді, - дейді подполковник Думан Бәкіров.
Екі жағдайда да болған оқиға туралы әскери қызметкерлердің өзінен емес, алғыс айтушы тұрғындардан мәлім болған.
Бұл әрекеттер ескерусіз қалмады. Көрсеткен батылдық, берген анты мен қызметіне адалдығы үшін оларға ҚР Қорғаныс министрінің атынан наградалар табыс етілді.
- Бүгін біз ерекшеленген әскери қызметкерлерімізге: подполковник Бәкіров пен сержант Шахабаеваға құрмет көрсетіп отырмыз. Жоғары наградаларымен құттықтаймын. Бұл өскелең ұрпақ үшін үлгі. Жастарымыз осындай ерліктерді көріп, адамдарды қиындықта қалдырмаса екен дейміз, - деп атап өтті өзінің сөзінде Қарағанды облысының қорғаныс істері бойынша департамент бастығы полковник Қайрат Әбішев.