
2022 жылдан бастап халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары ірі ақшалай сыйақы алатын болады. Бұл туралы Қазақстанның Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында мәлімдеді.
"Биылғы Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды балаларды қолдау үшін шаралар әзірлеуді тапсырды.
Бұл міндетті іске асыру үшін Министрлік заңнамаға түзетулер дайындады. Қазір заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді. Түзетулер ЖОО-да ҰБТ-сыз, яғни конкурстан тыс негізде халықаралық пән олимпиадаларының жүлдегерлеріне білім алу үшін гранттар беруді, сондай-ақ осы олимпиадалардың жеңімпаздарын дайындағаны үшін мектеп оқушылары – олимпиадалардың жүлдегерлеріне де, педагог-жаттықтырушыларға да біржолғы ақшалай сыйлықақылар төлеуді көздейді", – деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Алтын медаль иегерлері 1 500 АЕК, күміс медаль – 1 000 АЕК, қола медаль – 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы ала алады.
Сондай-ақ, министр өткен жыл жемісті болып, көптеген медальдальдар жеңіп алғанымызды атап өтті. Қазақстанның оқушылары әлемдік олимпиадаларда мүмкін болған 31 медальдан 26 медаль жеңіп алды, осылайша соңғы жылдардағы рекордтарды жаңартты.
Қазақстан құрамасының қоржынында 2 алтын, 13 күміс және 11 қола медаль бар.