Жаңаарқа ауданындағы математика кабинетіне еңбегі сіңген педагог Ақборық Қадырбекованың есімі берілді

Жаңаарқа ауданындағы математика кабинетіне еңбегі сіңген педагог Ақборық Қадырбекованың есімі берілді

Ақборық Қадырбекова есімі Жаңаарқадағы Оразалы Жұмабеков атындағы тірек мектебінің математика кабинетіне берілді. Кабинеттің ашылуы "Рухани жаңғыру" бағдарламасының "Туған жер" арнайы жобасын жүзеге асыру аясында өтті. Қазіргі заманғы оқу сыныбына арналған барлық жабдықтар мен құрал-саймандарды еңбек сіңірген педагогтың туыстары сыйға тартты.

– Біз Ақборық Қадырбекованың ұрпақтарына осындай сыйлық жасағандары үшін өте ризамыз. Ол кісі өмір бойы біздің мектепте жұмыс істеді. Біздің оқу орнымызға 90 жыл толып отыр. Мектебімізде тарих пәнінің мұғалімі Батиха Жахамбетова, журналист және аудармашы Марал Хасенов атындағы кабинеттер бар. Мұражайға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, соғыс ардагері Далабай Ізтөлеуов есімі берілді. Олардың есімдері оқушылардың есінде мәңгі қалуы тиіс, – деп атап өтті мектеп директоры Рысқали Рахымов.

Ақборық Қадырбекова 1935 жылы Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Ол "Геометрия сабақтарында 8 сыныптар үшін тірек конспектілерін жасау және пайдалану жолдары", "Әл-Фараби және математика", "Күрделі есептерді шешу жолдары", "Сиқырлы сандар және оларды біздің салт-дәстүрлерімізде қолдану" сияқты көптеген әдістемелік құралдар мен мақалалардың авторы.