Жезқазғанда да енді папайя өседі: оқушылар қызықты жобалар әзірлеп, таныстырды

Жезқазғанда да енді папайя өседі: оқушылар қызықты жобалар әзірлеп, таныстырды

Жезқазғанның балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының тәрбиеленушілері ағаштардың дербес өсуіне арналған капсула мен папайя өсіру жобасын әзірледі. Балалар өздерінің жұмыстарын таныстырып, жоспарлары туралы айтып берді.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай Жезқазған қаласы білім бөлімінің Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының "Экология және техникалық шығармашылық" бөлімінде тәрбиеленушілердің "Менің жобаларым – Менің елім" тақырыбында шығармашылық өнер көрсетуі ұйымдастырылды.

"Жасыл технологиялар" үйірмесінің жас экологтары "Табиғат рекордшылары" жобасын ұсынды. Олар әлемдегі ең өнімді жемістердің бірі – папайяның тұқымын отырғызды және өз тәжірибелерімен бөлісті.

– Біздің тәрбиеленушілеріміз Қазақстанда баламасы жоқ папайя өсіру жобасын әзірледі. Олар тез өсетін және жоғары өнімді сұрыпты өсіруді жоспарлап отыр. Біз жобаның тиімділігін есептедік және ол жақсы нәтиже береді деп ойлаймыз, – деді балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының Экология және техникалық шығармашылық бөлімінің меңгерушісі Андрей Матвеев.

"Жас эколог" үйірмесінің тәрбиеленушілері "Ғажайып ағаш" жобасын таныстырды. Олар екі жыл аралығында тез бой көтеретін киізді павловния ағашын өсіреді.

– Жоба аясында тәлімбақ ұйымдастырылып, 100-ден астам павловния өсіріліп, отырғызылды. Бұл ағаштар өсіп, біздің қаламызды, мектептер, саяжайлар мен жеке үйлердің аумақтарын, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерді дамыту орталығын безендіреді. Бұл ағаш әдеттегіден 10 есе көп оттегі шығарады, сонымен қатар өзінің сұлулығымен және гүлденуімен қуантады, – деді Андрей Матвеев.

"Экоплюс" үйірмесінің тәрбиеленушілері 3D LAB жобасын және Green Capsule әзірлемесін ұсынды. 3D LAB жобасын іске асыра отырып, балалар әртүрлі жұмыстар мен тапсырмаларды орындайтын роботты манипулятор қолын және 3D принтерде басылған көп функциялы ұшақ жасады. 

Green Capsule – ағаштардың автономды өсуіне арналған капсула – республикалық стартаптар байқауында екінші орын алды.

– Стартаптар байқауында біз Green Capsule жобасын іске асыру үшін 150 мың теңге ұтып алдық. Қарапайым сөзбен айтқанда, біз өсімдіктерді өздігінен суаруға мүмкіндік беретін сыйымдылығы 35–40 литр болатын резервуар әзірледік. Болашақта біз бұл резервуарларды су өткізбейтін етіп жасауды жоспарлап отырмыз. Біз капсулаларымызды балалар мен жасөспірімдерді дамыту орталығының базасында орналасқан тәлімбақта сынап көрдік, – деді жобаны әзірлеуші Арман Шайхиев. – Сондай-ақ жақын арада осы әзірлемеге патент алғымыз келеді.