
Ең сиқырлы мерекелердің бірі қарсаңында Қарағанды облысының іскер әйелдер кеңесі тәтті сыйлықтар тарата отырып, жаңа жылдық қайырымдылық шыршаларын өткізді. Әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан балаларды, сондай-ақ дамуында ерекшеліктері бар балаларды қамтыды.

«Кувырком» ойын орталығында Теміртау қаласының №8 арнайы мектеп-интернатының балаларына арналған шыршалар өткізілді. Мерекелік бағдарламадан кейін оларға тәтті сыйлықтар берілді. Сонымен қатар, мектепке дамыту ойындары, кеңсе тауарлары мен спорт құралдары берілді.

Сондай-ақ аз қамтылған отбасылардан шыққан теміртаулық балалар үшін ертеңгілік ұйымдастырылды. Балаларды қуыршақтар, сайыстар мен тосынсыйлар қуантты. Ешкім тәтті сыйлықсыз кеткен жоқ. Биыл Теміртауда 300-ден астам баланы қуанту жоспарланып отыр.

Кеңес мүшелері тағы бір ертеңгілікте болып, Қарағандының ерекше балаларына сыйлықтар таратты. Балаларға арналған шыршаны «Жаңа күн» және «Ангел мой» бірлестіктері ұйымдастырды.

– Мерекеде біз жылы лебізге зәру жандар үшін жағымды нәрсе жасай алатынымыз өте жақсы, – дейді Теміртау қаласының іскер әйелдер Кеңесінің аймақтық төрайымы Марина Шиллер. – Шыршаларды төртінші жыл ұйымдастырудамыз. Бұл жолы «Шаңырақ» орталығының еріктілері іс-шараларды өткізуге үлкен көмек көрсетті. Жыл сайын мереке қарсаңында балаларды барынша қуантуға тырысамыз. Кеңес Қарағанды облысы бойынша жұмыс істейді және оның барлық қатысушылары өте белсенді. Ертеңгіліктер Теміртау, Қарағанды, Саран және Абай қалаларында өтті.

Шараларға белсенді кәсіпкер әйелдер демеушілік етті. Бұл дүкендердің, сұлулық салондарының, медициналық және оқу орталықтарының иелері және басқа да жанашыр қарағандылық нәзік жандылар.
Жаңа жыл қарсаңында Кеңес мүшелері тек балаларға ғана назар аударып қоймай, «Забота» және «Благодать» қарттар үйінің қамқорлығындағы қарияларға да сыйлықтар таратты.