
Қарағанды облысында колледж студенттері арасында әлеуметтік бизнес-идеялар байқауы өтті. Оның мақсаты – жастар кәсіпкерлігін дамыту.

Ұйымдастырушылардың ақпараты бойынша, байқауға 33 жұмыс келіп түсті, оның 13-і финалға іріктелді. Финалистер өз жобаларын онлайн режимінде ұсынды.
Қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтады.
Бірінші орынды Қарағанды тамақтану және сервис колледжінің студенті Полина Майкутова экошопер өндірісі жобасымен алды.
Абай көпсалалы колледжінің студенттері Екатерина Каракулова, Асқар Жанамхан және Никита Юрканис өсімдік зиянкестерімен биологиялық күресу тәсілін ұсынды. Ол пайдалы энтомофагты жәндіктерді қолдануға негізделген.
Үшінші орын Bolashaq Қарағанды жоғары колледжінің студенттері Дидар Қадыровқа және Ботагөз Нұрмағанбетоваға бұйырды. Олардың жобасы мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесуге бағытталған.
Жеңімпаздар дипломдармен және сертификаттармен марапатталды. Business Тeen байқауын Қарағанды жоғары политехникалық колледжі мен Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырды.