Қарағанды билігі мен кәсіпкерлер жер мәселесіне қатысты ортақ мәмілеге келді

Қарағанды билігі мен кәсіпкерлер жер мәселесіне қатысты ортақ мәмілеге келді

Қарағандыда билік өкілдері мен кәсіпкерлер даулы жер аумақтарының тағдыры туралы ортақ шешімге келді. Кезінде қала құрылысы құжаттарынан тыс берілген жер телімдері кедергі тасқа айналған болатын. Ол кезде қаланың Бас жоспары мен нақты жоспарлау жобалары әлі бекітілмеген еді.
Осы себепті бизнесмендер ұзақ уақыт бойы өз жобаларын жүзеге асыра алмаған еді.
Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов түйіткілді мәселе туралы білген соң бизнесті қорғады. Ол жыл соңына дейін осы секілді әрбір жер телімі бойынша мәселені шешуді тапсырды. Олардың саны қазірде жүзден асып кеткен.
- Біз Кәсіпкерлер палатасымен біріге отырып, ол учаскілердің тізімін анықтадық. Олардың әрқайсысы бойынша иегерімен бірлесе отырып шешім қабылдап жатырмыз. 16 жер телімдері бойынша қазіргі іс жүзіндегі нақты жоспарлау жобаларына өзгерістер енгізілді – Жаңа қала, Оңтүстік-Шығыс, Пришахтинск аумағында. Жәнеде қазіргі таңда бизнесмендер өз жобаларын жүзеге асыруға кірісе алады, - деп алғашқы нәтижелер бойынша есеп берді Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі Комиссия мен Инвестицияларды жұмылдыру және аймағымыздағы инвестициялық климатты жақсарту бойынша Кеңестің бірлескен отырысында.
Ортақ пайдалану жерлерінде – саябақтар мен гүл бақтарда орналасқан тағы 17 жер учаскілері бойынша да ортақ шешім табылды. Кәсіпкерлер олардың орнына басқа жер телімін алуға келісімдерін берді.
Мысалы, билік өкілдері саябақ аумағында орналасқан бір гектардан астам жер телімін коммуналдық меншікке қайтарды.
- Келіссөздер ұзақ жүргізілді. Компания ол жерде тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар салғысы келген. Біз ортақ мәмілеге келдік – алдағы уақытта белсенді түрде құрылыс жүргізілетін Жаңа орталық ауданында тең жер телімі берілді. ал мемлекет есебіне қайтарылған жер телімі Мәдениет, демалыс саябақтары мен гүл бақтары басқармасына қайтарылды. Енді ол аумақ жалпыға ортақ, қоғам пайдаланатын жер ретінде заңдастырылды жәнеде сатылымға берілмейді, - деп түсіндірді Нұрлан Әубәкіров.
31 қазанда өтетін кездесуде тағы 10 жер телімдерінің тағдыры шешілетін болады.
- Негізі өзара түсіністік бар. Алдағы уақытта бұл мәселе жабылады деп ойлаймын, - деді қала басшысы.
Осы секілді жағдай туралы өтініш жасамаған кәсіпкерлерге қала әкімдігіне немесе Кәсіпкерлер палатасына жүгіну керек.