
Президенттік тестілерді орындау бойынша IV республикалық біріншілікте Қарағанды облысының құрамасы 100 медаль ұтып алды. Біздің аймағымыздың атынан 22 спортшы өнер көрсетті.
Чемпионат Алматы қаласында өтті, оған еліміздің әр аймақтарынан 147 спортшы келіп қатысты. Қарағанды облысының құрамасында 22 адам болды. Олардың барлығы түрлі жас санаттары бойынша сайысты – 9-дан 70 жасқа дейінгі аралықта. Спортшылар бірнеше дисциплиналар бойынша сайысқа түсті: спринт (30, 60 және 100 м), кросс (500 және 1000 м), орыннан секіру, граната немесе доп лақтыру, жүзу (25 және 50 м), оқ ату және күштік жаттығылуар: әйелдер үшін - пресске арналған жаттығулар, ерлер үшін – тартылу.
- Құрамаға Облыстық кешендік спорт мектебінің алты тәрбиеленушісі кірді. Өткен жылы республикалық біріншіліктен біздің команда сексен медаль алып келген, сол кезде ол керемет жетістік болып көрінген еді. Алайда осы жолы Қарағанды облысының құрамасы барлық рекордтардан асып түсті. Кешендік спорт мектебінде жаттығатындардың барлығы жүгіруді ұнататындар клубында да шынығады. Белсенді түрде менің қатаң бақылауыммен жаттығады. Президенттік тест бойынша ел чемпионаты секілді осындай сайыстардың алдында біз үшін барлық жағдайлар жасалады, жақсы жаттығу үшін ғимараттар беріледі, - дейді облыстық кешендік спорт мектебінің жаттықтырушысы Анна Широкова.
Біріншілік нәтижесі бойынша қарағандылықтар 36 алтын, 46 күміс және 18 қола медальдар ұтып алды. Жалпы командалық есепте екінші орынды Қостанайдан келген спортшылар, ал үшінші орынды алматылықтар иеленді.
Алғаш рет «Президенттік тестілер» ұғымы Елбасының 2010 жылы 29 қаңтарда жариялаған Жолдауында пайда болды. Олар екі деңгейден құралады: президенттік деңгей – барлық тұрғыда дене шынығуы дамыған адамның деңгейі; ұлттық дайындық деңгейі – халықтың дене шынықтыру дайындығының деңгейі. Президенттік тестілер күш, шыдамдылық, жылдамдық пен ептілік секілді адамның негізгі дене шынығу сапасын көрсететін спорттық сынақтардың сегіз түрінен құралады. Тестілер жас санатына қарай бес сатыға бөлінеді.