
Геологтар Қарағанды облысындағы Солтүстік Қатпар кен орнында вольфрам қоры үлкен екенін растады. Сирек кездесетін металды өндіру 2022 жылға қарай басталуы мүмкін.
- Бұрғылау жұмыстары Қарағанды облысындағы Солтүстік Қатпар кен орнында вольфрам мен молибден қоры бар екенін растады. Вольфрам қоры шамамен 90 мың тоннаны, ал молибден – 13 мың тоннаны құрайды, - деп мәлімдеді «Тау-Кен Самұрық ҰТКК» АҚ баспасөз-қызметі.
Зерттеулер руданың тару тарихи шекарасы нақты шекаралармен көп жағдайда сай келетінін көрсеткен. Зерттеу жұмыстары отандық және шет елдік мамандардың қатысуымен өткізілген.
Дәл осы кен орны үшін руданы байыту технологиясын Пекин тау-кен ісі және металлургия институты құраған.
Қазақстан вольфрам саласын қайта жандандыруды көздеп отыр. Республикада 10-нан астам вольфрамдық кен орындарда барлау жұмыстары жасалған. Олардың ішінде анағұрлым ірі және әлеуеттілері Қарағанды облысы Шет ауданындағы Жоғарғы Қайрақты және Солтүстік Қатпар болып табылады. Алдын ала мәліметтерге сай, олардың жалпы қоры 1 млн тоннадан асады.
Жоғарғы Қайрақты кен орнындағы геологиялық барлау жұмыстарын 2019 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Олардың нәтижелері бойынша металлдың қоры бекітіледі.
Фото skatpar.kz