Қарағанды облыстық бейнелеу мұражайында «Еңбек адамы» байқау-фото көрме қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды.
Байқауды Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің Қазақстан салалық кәсіподағы ұйымдастырды. Қатысушылардың жұмыстарын екі номинация бойынша бағалады: «Өз ісінің шебері» және «Мен кәсібімді мақтан етемін».
- Бұл көрме-байқауды біз алғаш рет өткіздік. Оған 26 адам қатысты. Өзінің байқаулық жұмысында қатысушы – кез-келген сала қызметкері – өзін таныстырып, жұмысына деген махаббатын көрсете білулері тиіс еді. Үміткерлер барыншы тырысып бақты, сондықтан біз барлық қатысушыларды марапаттауды шештік. Ал Гран приді мұражай қызметкерлері ұтып алды, - деді Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Қарағандылық филиалы төрайымы Алмагүл Үсерова.
Қазылар алқасының шешімі бойынша «Мен кәсібімді мақтан етемін» номинациясында Гран при Бекзат Балтабековке берілді. Ал «Өз ісінің шебері» номинациясында жеңімпаз Кешубай Байділдинов болды. Оларға 30 000 теңге сомасында ақшалай сертификаттар табыс етілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау-көрменің мақсаты – қоғамда еңбек адамына деген құрметті тәрбиелеу. Сонымен қатар кәсіп имиджін жоғарылату, мамандықты саналы түрде таңдауға ынталандыру.