
Облысымыздың емханаларында «үйдегі стационар» қызметін алуға болады, алайда ол туралы барлығы біле бермейді. Бұл медициналық қызмет түрін кімдер ала алатыны туралы Денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Ержан Нұрлыбаев айтып берді.
- Иә, емханалардың жанында «күндізгі үйдегі стационар» медициналық көмек түрі бар. Егер дерт бекітілген тізімде болса жәнеде науқас емханаға өзі келе алмаса, учаскелік дәрігер немесе салалық маман оны үйіне келіп емдейді. Мұндай жағдайда науқасты тегін түрде қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етеді, - деп түсіндірді Ержан Нұрлыбаев.
Үйдегі стационар өткір немесе асқынған созылмалы аурулары бар, үйде (төсекте) жатып емделу тиіс науқастарға арналған. Барлық қажетті процедураларды емделушіге күнделікті келіп отыратын дәрігер жазатын болады. Бұл қызмет кем дегенде үш жұмыс күн бойы көрсетіледі, өткір ауру кезінде – 5 күннен артық емес, ал созылмалы дерт асқынған кезде – 8 күннен артық емес. Егер науқастың жағдайы нашарлап, тәулік бойы бақылауды қажет етсе, оны ауруханаға жатқызады.
Айта кету керек, «Стационар алмастырушы көмек көрсету Ережелерін бекіту туралы» Қаулыға сай тұрғын үй-тұрмыстық жағдайы қанағаттанарлық болмаса, емделушіге үйдегі стационар қызметін көрсетуден бас тартылуы мүмкін.