
Нұра ауданында облыстың үздік командалары арасында Тәуелсіздік кубогы өтті. Жергілікті мәдениет үйінің сахнасына Нұра, Қарағанды, Теміртау және Саран қалаларынан көңілді тапқырлар шықты.

Ойынның тақырыбы – "Тәуелсіз мемлекеттің жастары".
– Кубок Нұра ауданының жастар ресурстық орталығының бастамасымен ұйымдастырылды. Оған Қарағанды медицина университетінің командалары, Теміртаудан екі команда, Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері және Нұра ауданынан Ыбырай Алтынсарин атындағы тірек мектебінің жоғары сынып оқушылары қатысты, – деді ҚР КТК Одағының вице-президенті Жомарт Әбішев. – Бұл ойын КТК жандандырудың бастауы болды. Жасыратыны жоқ, пандемияға байланысты соңғы жылдары ойындар іс жүзінде өткізілмеді.
Бастау алған Нұра ауданында осындай көңілді тапқырлар сайысы Саран қаласында ұйымдастырылып, Теміртауда өтеді деп белгіленген.

Кубок үшін күресте бірінші орынды Қарағанды медицина университетінің "Күлкі синдромы" командасы жеңіп алды.
– Біз сегіз жыл бойы КТК ойнаймыз. Көптеген жеңістерге жеттік. Нұра ауданындағы Тәуелсіздік кубогы үшін күрес жалынды өтті. Барлық қарсыластар жақсы дайындықтарын көрсетті. Бірінші орынға ие болғанымызға өте қуаныштымыз, – деп бөлісті команда капитаны Айбол Әбдірашов.

Екінші орынды Теміртау жоғары политехникалық колледжінің "Адреналин" командасы жеңіп алды. Үшінші орын Ыбырай Алтынсарин атындағы тірек мектебінің "Нұра ауданының жастары" командасына бұйырды.