
Қарағандыда еңбек сіңірген жаттықтырушы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған XXХVIІ халықаралық турнир аяқталды. Серік Сәпиев атындағы бокс орталығы рингіндегі жекпе-жекте алты елден – Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қытайдан келген 110 спортшы кездесті. Қарағандылықтар шеберліктерін көрсетіп, бірнеше рет тұғырға көтерілді.

Турнирге негізінен жас спортшылар қатысты. Жекпе-жектер АИБА ережелері бойынша ерлер арасында 12 салмақ дәрежесінде және әйелдер арасында алты салмақ дәрежесінде өткізілді.

Қарағанды облысынан 34 боксшы қатысты. Нәтижесінде жерлестеріміз 20 медаль жеңіп алды, оның ішінде тоғыз алтын, төрт күміс және жеті қола.

– Бокспен 10 жыл айналысамын. Ғалым Жарылғаповты еске алу турниріне төртінші рет қатысып отырмын. Негізінен сәтті өнер көрсеттім. Үш рет жеңімпаз атандым. Бір рет жеңіліп, қола медаль алдым. Ал өткен жылы бас жүлде – автокөлік ұтып алдым. Менің мақсатым – әлем чемпионатын жеңіп алу, олимпиадаға қатысу, – деп өз ойымен бөлісті чемпиондық белбеу иегері Айжан Ходжабекова.

Біріншіліктің жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен, медальдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Құрметті қонақ – бокстан әлем чемпионы Валерий Рачковтың бағалауы бойынша финал қызықты әрі әсерлі өтті. Ғалым Жарылғаповпен ол таныс болған және ексе алу турнирі қазақстандық бокстың дамуына ықпал етеді деп санайды.

– Әрбір турнир осыншама уақыт бойы жалғаса бермейді. Ал бұл біріншіліктің 40 жылдық мерейтойы алыс емес. Оның АИБА күнтізбесіне кіргенін қалаймын. Сонда ол одан да беделді және сапалы болады, – деді Валерий Рачков.

Турнирге атақты спортшылар өз құрметтерін көрсетті. Ашылу салтанатына бокс аңызы – кәсіпқойлар арасындағы әлемнің абсолютті чемпионы Рой Джонс кіші қатысты. Финал мен марапаттау рәсіміне Грузиядан келген қонақ, ауыр салмақтағы 1997 жылғы әлем чемпионы Георгий Канделаки келді.

Ғалым Жарылғапов (1939 –1984) – Жаңаарқа ауданының тумасы. Қарағанды дене шынықтыру және спорт техникумын басқарды. Қарағанды облыстық атқару комитеті жанындағы дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді. Өңірдегі спорттың дамуына, жаттықтырушы кадрлар мен спортшыларды даярлауға үлкен үлес қосты.

Ғалым Жарылғаповтың алғашқы мемориалын 1984 жылы достары мен серіктері ұйымдастырды. Кейінірек ол халықаралық деңгейге көтерілді.