
Қарағандыда World Press Photo көрмесі ашылды. Экспозицияда түрлі елдердің 42 фотографтарының жұмыстары ұсынылған. Суреттерде 2017 жылдың өзекті оқиғалары бейнеленген: Мьянмадағы шиеленістің салдары, Лондондағы көпіртегі лаңкестік, Лас-Вегастағы Мандалай-Бэй қонайқ үй-сауықтыру кешенінің жанындағы жаппай адам өлтіру жайты, Ирактағы ИГИЛ тарапынан жасалған жауынгерлік әрекеттер.
Көрмеге келушілер World Press Photo 2018 байқауында бірінші орын алған венесуэлдық фотограф Роналдо Шмидтің жұмысын тамашалай алады. Кадрда – ақ жейде мен противогаз киген еркек отқа оранған. Ол кірпіз қабырғаның бойымен жүгіріп барады, қабырғада «бейбітшілік» дегенді білдіретін «paz» сөзі жазылған.
- Бұл фото Венесуэлада Каракаста президент Николас Мадуроға қарсы наразылықтар кезінде түсірілген. Ол Венесуэланың демократиялық жүйесін қайта қарастырып, оппозиция басқарып отырған Ұлттық ассамблеяны Құрылтай жиналысына ауыстыратынын жариялады. Осылайша ол өзіне барлық заңнамалық құзіретті бекіте алар еді. Суретте бейнеленген жігіт – наразылыққа қатысушы. Оның астындағы мотоцикл жарылып кеткен, сондықтан ол отқа оранған. Бұл суретті фотограф жас жігітке көмектесудің орнына сурет түсірген деп сынға алынды. Бірақ автордың өзі түсіндіруінше, ол жай ғана барлық оқиғаны суретке түсіріп жүрген, кенеттен жігіт жана бастаған, фотограф не болғанын түсінбей қалған, себебі барлық жайт әп-сәтте орын алған. Сурет түсірілген соң бірер сәттен кейін жас жігітке көек көрсетілді: от сөндірілді. Нәтижесінде жас жігітті бірінші және екінші дәрежелі күйік шалған, - деп түсіндірді World Press Photo көрмесінің өкілі Анна Мехр.
«Қоршаған орта» номинациясында үздік деп «Бостандықты күту» суреті танылған, онда ақ мүйізтұмсық бейнеленген. Фотода жануардың көзіне қызыл мата байланып, темір контейнердің түбінде жатыр. Автор оны оңтүстік африкалық браконьерлердің қолынан алып, кемеге тиеп, транквилизаторлармен ұйықтатып тастаған кезде суретке түсіріп алған. Жануар Ботсванада есін жинаған соң, оны бостандыққа жіберген.
«Шұғыл жаңалықтар» номинациясында Иракта түсірілген сурет жеңімпаз атанды. Мосул ИГИЛ-дің бақылауында қалған соңғы қала болатын. 2016 жылдың қазанынан 2017 жылдың шілдесіне дейін мұнда босату үшін соғыс жүрді. Суретте есінен танған жалаңаш баланы қолына көтеріп тұрған сарбаздар бейнеленген. Жан жағы толған үйінділер.
- Бұл баланы қираған үйлердің астынан алып шыққан. Жанында ешкім болмаған. Сарбаздар оны шомылдырып, киімін жуған. Сонан соң ол баланы әскерилердің бірі асырап алған. Қазір баланың тағдыры қандай екені – белгісіз. Бірақ алдағы уақытта біз ол туралы білеміз деп ойлаймын, - дейді Анна Мехр.
Жалпы бұл жылы байқауға 125 елдің 4500-денастам фотографтары қатысты. Олар 70 000-нан астам суреттер жіберген. Қатысушылар арасында екі қазақстандықтар да болды. Олар лауреаттар қатарына ілікті.
- Жұмыстарды қабылдау аяқталған соң, қазылар алқасы Амстердамда жиналады да, барлық суреттерді қарап шығады. Әдетте бір суретке бір секунд уақыт кетеді. Сонан соң «көзге ілінген» жұмыстарды талқылау басталады. Осындай әдіспен жүлдегерлер мен жеңімпаздар іріктеледі, - деп түсіндірді Анна.
World Press Photo Қоры 1955 жылдан бері Нидерланд Корольдігі ханзадасының қамқорлығымен қызмет етіп келеді. Жыл сайын кәсіби фотографтар және БАҚ фоторедакторларынан құралған тәуелсіз халықаралық қазылар алқасы үміткерлердің жұмысын тоғыз номинация бойынша бағалайды. Жеңімпазардың суреттері екі ай аралығында Амстердамда, сонан соң түрлі елдердің көрмелерінде назарға ұсынылады.
Қазақстанда көрме Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкентте өтеді. Бізде оны Крбышев көшесі, 7 мекенжайы бойынша орналасқан ҚарМУ-нің 11 корпусынан тамашалауға болады. Көрме 23 қарашаға дейін жалғасады. Кіру тегін.