
Қарағандылықтар екепелерден сирек бас тарта бастады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте Қарағанды облысының қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің жетекшісі Қайрат Баймұхамбетов айтты.
Соңғы жылдары балаларына екпе жасаудан бас тартатын ата- аналар саны 17 пайызға азайған. Екпе кампанияларының белсенді насихатталуының арқасында биыл бұрын екпе салдырмайтындар қатарынан 264 сәби вакцинациялаудан өткен.
- Ата-аналарға тағы да ескерткім келеді, аурулардың алдын алудың ең тиімді жолы – ол вакцинация. Екпелерді жасау мерзімі тиянақты сарапталған және Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымымен ұсынылған. Иә, қарсы денелері анасынан балаға беріледі, алайда өте аз уақытқа ғана. Мысалға, дифтериядан қорғану балада 2-3 ай, қызылшадан – 6 айға ғана сақталады, ал туберкүлез бен сары аурудан қорғаныс мүлдем берілмейді, сондықтан біз осы аурулардан қорғау үшін сәбилерге туа сала екпелер жасаймыз,-деп түсіндірді Қайрат Баймұхамбетов.
Бүгінде перзетханаларда, жас ата-аналар мектептерінде, дені сау бала бөлмелерінде вакцинациялаудың пайдасы жайлы насихат жұмыстары белсенді жүргізілуде. Сондай-ақ мамандар екпе жасаудан бас тартатын ата-аналар және жеке кәсіпкерлермен жеке әңгімелер жүргізеді. Бұл жағдайда санитарлық дәрігерлерге дін басылар мен үкіметтік емес ұйымдар көместесуде.