Қарағандының екі колледжінде құзыреттілік орталықтары ашылды

Қарағандының екі колледжінде құзыреттілік орталықтары ашылды

Қарағанды теміржол және тау-кен индустриалдық колледждерінде "Жас маман" жобасы бойынша құзыреттілік орталықтары ашылды. Студенттер еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша тәжірибелік дағдыларды игеріп, шеберліктерін шыңдай алады.

Теміржол колледжінде теміржол саласының сегіз мамандығы бойынша тоғыз зертхана, екі шеберхана, бір оқу кабинеті мен тренинг және коучинг орталығы жабдықталған. 

Қарағанды тау-кен индустриалдық колледжінде "Тау-кен ісі" және "Дәнекерлеу технологиялары" құзыреттері бойынша оқу кабинеттері, зертханалар мен шеберханалар толық жабдықталған.

"Жабдықтардың тізімі WorldSkills стандарттарын ескере отырып және Кәсіпкерлер Палатасының, сондай-ақ жұмыс берушілердің ұсыныстары негізінде қалыптастырылды. Жыл соңына дейін өңірде тағы бес құзыреттілік орталығын ашу жоспарлануда", – деп хабарлады Қарағанды облысының білім басқармасы.

Естеріңізге сала кетейік, "Жас маман" жобасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске қосылды. Ол бүкіл ел бойынша колледждер мен жоғары оқу орындарын жаңғыртуға бағытталған. "Жас маман" жобасы білім алушылардың бірегей кәсіби құзыреттерін дамытуға және қазақстандық қана емес, халықаралық нарықта да өзекті болып табылатын неғұрлым сұранысқа ие индустриялық және сервистік мамандықтар бойынша мамандар даярлау үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.