
Жезқазғанда қоғамдық көлік паркі жартылай жаңартылды. Саран қаласындағы зауытта құрастырылған жиырма жаңа автобус желіге шықты.

Олар төрт қалалық маршрутқа қызмет етеді – № 1, 3, 6, 8. Жезқазғандықтар жаңа көліктің жайлылығына оң баға берді.
– Автобустар заманауи, Саран қаласындағы "QazTehna" ЖШС зауытында жасалған. Олар "Евро-5" стандартына сәйкес келеді, бейнебақылаумен, пандустарды көтеру жүйелерімен, кондиционерлермен жабдықталған. Бір автобустың сыйымдылығы – 51 адам, – деді Жезқазған қаласының ТКШ, ЖК және АЖ бөлімі басшысының орынбасары Аслан Арынов.

Жезқазғанда барлығы 13 маршрут бар – 9 қалалық және 4 қала маңындағы.
– Болашақта біз қалада ONAY электронды жолақы төлеу жүйесін іске қосуды жоспарлап отырмыз, – деді Аслан Арынов. – Барлық жаңа автобустар сандық жүйелермен және GPS-құрылғылармен жабдықталған. Бұл City-Bus мобильді қосымшасын әзірлеуге және қолданысқа енгізуге мүмкіндік береді, ол арқылы тұрғындар қоғамдық көліктің қозғалысы туралы ақпарат ала алады.