Қарағандыда облыстағы алғашқы көші-қон ХҚКО ашылды

Қарағандыда облыстағы алғашқы көші-қон ХҚКО ашылды

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов жаңа көші-қон ХҚКО жұмысымен танысты. Орталықтың ашылғанына бір апта болды. Осы уақыт аралығында мұнда 600 шетел азаматы құжаттарын рәсімдеп үлгерген.
Енді шетел азаматтары мамандандырылған ХҚКО-да бір сағат көлемінде тұруға ықтиярхатты рәсімдей алады, сондай-ақ ЖСН алып, өңірде тұру үшін қажетті басқа да құжаттарды рәсімдей алады. Жаңа мекемеде дәрігер кабинеті де бар, ол жерде медициналық тексерістен өтуге болады, дактилоскопия, сақтандыру кабинеттері мен арнайы оқытылған кеңесшілер бар. Мамандандырылған ХҚКО қызметтің 11 түрі көрсетіледі.
- Егер бұрын шетел азаматы барлық құжаттарды рәсімдеу үшін бес күндей уақытын жұмсаса, енді оның барлығына тек 60 минутын кетіретін болады. Оған қоса Қарағандыға алғаш рет келгендер үшін түрлі мекемелерге бару қиын болатын, себебі олар қаланы білмейді. Ал мұнда біз бір терезе приципі бойынша қызмет көрсетеміз,-дейді Қарағанды облысының көші-қон қызметі басқармасының басшысы Асхат Мұқанов.
Халыққа қызмет көрсету орталығы жаңа құрылыстың бірінші қабатында 610 шаршы метр алаңда орналасқан. Айта кету керек, бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында ғимарат сатылып алынбады, ол ұзақмерзімді жалға алынған, жөндеу жұмыстарын меншік иесі өзі жүргізген.
- Мен шетел азаматтары мен олардың жұмыс берушілері орталық жұмысын жоғары бағалайтынына сенімдімін. Бұл сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді ұсыну барысында жемқорлық әрекеттердің алдын алады және қызмет түрлерін ашық етеді,-деді Ерлан Қошанов.
Көші-қон ХҚКО Кеншілер даңғылы 5/1 мекенжайы бойынша орналасқан. Мұнда қызметтерді жұмыс күндері таңғы сағат 9.00 мен кешкі 18.30, сенбі күні 9.00-ден 13.00-ге дейін алуға болады.