Шахтинск қаласының техникаға әуес жастары үшін ІТ-салада жетістіктерге қол жеткізген адамдармен араласу мүмкіндігі пайда болды. Балалар және жасөспірімдер орталығының базасында құрылған техноорталықта «Террикон алқабының» бастамашылары - 3D аниматор Илья Зинченко және Wooppay компаниясының бірлесіп негізін қалаушы Александр Дорошенкомен кездесті.
3D графика және робототехника үйірмелерінде айналысатын жасөспірімдер аниматор-мультипликатор мамандығының қыр-сырын үйреніп, білді. Қонақтар өздерінің табысқа жету тарихын айтып берді.
- Бұл кездесудің басты мақсаты – жастарды өзін өзі жетілдіруге ынталандыру болып табылады. Бүгінгі таңда біз ІТ-саласындағы мамандардың санын арттыруға талпынудамыз. Бұл кәсіптің артықшылықтары туралы олар жерлестерінің жеке өнегесі арқылы естіп біліп отыр. Меніңше, осындай кездесулер өте маңызды, себебі ұрпақтар жалғастығының мәдениетін құруға септігін тигізеді, - деп атап өтті Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметті көрсету және мұрағаттар басқармасының жетекшісі Рашит Белгібаев.