
«ЖОО үздік ұстазы-2018» республикалық байқауының жеңімпаздары қатарында Қарағанды облысының үш оқу ордасының ұстаздары бар. Гранттарды Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ, ҚарМТУ және Қарағанды мемлекеттік индустриалды университетінің 19 педагогтері алды.
Барлығы Қазақстанда биылғы жылы ЖОО-ның үздік ұстазы атағын өткен жылғыдай 200 педагог алды. Ұтып алған гранттарын олар шет елде тағылымдамадан өтуге, ғылыми мақалалар мен зерттемелерін жариялауға және біліктілігін арттыруға арналған басқа да бағыттарға жұмсай алады.
Білім және ғылым министрлігі өткізетін жыл сайынғы байқауға бес жылдан астам үздіксіз ғылыми-педагогикалық еңбек өтілі бар қазақстандық ЖОО-ның штаттық ұстаздары қатыса алады. Арнайы комиссия қатысушылардың бірнеше жылғы жұмыс сапасының деңгейін бағалайды.Өлшемшарттар қатарында – студенттердің ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстарына жетекшілік ету, монография басып шығару, оқу әдістемелерін және инновациялық оқыту технологияларын құру, ғылыми зерттеулер және жетістіктер, шет тілін білу және тағы басқалары.