
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында 1-ші қаңтардан бастап балаларға арналған «Уақыт арасындағы саяхат» атты интерактивті көрме өтуде. Ол 15-ші қаңтарға дейін жалғасады.
Көрмеде танымал кеңес үкіметі кезіндегі сағат жасаушы зауыттардың өнімдерін тамашалауға болады. Барлық жәдігерлер мұражай қорынан алынған.
- Мұнда «Маяк» Сердобск сағат зауытының, «Янтарь» Орлов сағат зауытының және тағы да басқа зауыттардың қабырғаға ілінетін, қолға тағатын сағаттарын көруге болады, - дейді мұражай директорының орынбасары Дәурен Жүсіпов.
Көрменің ең бағалы жәдігері - «Николай Линденъ» фирмасының ХІХ ғасырдағы қабырғаға ілінетін сағаты. Николай Линден танымал петерборлық көпес болған, 1888-ші жылы ол Невск даңғылында зергерлік бұйымдар және сағаттарды жөндейтін шеберхана ашқан.
Мұражайдағы интерактивті көрме мектеп оқушылары үшін ерекше қызықты болмақ. Онда сонымен қатар әлемдегі алғашқы сағаттардың макеттерін тамашалуға болады: күн, құм, су және от сағаттары.
Көрмеге келушілер үшін фото аумақ инсталляциясы ұйымдастырылған: сағатшының жұмыс кабинеті, ғашықтардың кездесетін жері, сағат механизмінің инсталляциясы. Мұражай қызметкерлері қызықты викториналар және интерактивті ойындар өткізеді.
Дәурен Жүсіповтың айтуынша, интерактивті көрменің мақсаты – мұражайға келушілерді сағаттардың пайда болуы және дамуы туралы тарихмен таныстырып, сағаттың атқарымдары мен оның адам өмірінде алар орны туралы баяндау болып табылады.
- Ол өскелең ұрпаққа уақытты бағалауды үйретеді, - деп атап өтті Дәурен Жүсіпов.