
Жезқазғанда «Алаңым» атты жастар театры құрылып, сәтті дамып жатыр. Труппада кәсіби әртістер жоқ. Спектакльдерде түрлі мамандықтағы жастар, оқушылар мен студенттер ойнайды.
«Алаңым» театры Жезқазған қалалық әкімдігінің қолдауымен 2017-ші жылы әлеуметтік жоба ретінде құрылған болатын. Қазір труппа құрамында 12-ден 29-ға дейінгі жас аралығындағы 78 адам бар. Театр жетекшісі - Әсем Асанханова, бас режиссёр - Жасұлан Түсіпбеков.
- Біздің өнер ошағы театр сүйер жастардың екінші шаңырағына айналды. 2018 жыл біздің ұжым үшін өте қарқынды өтті. Біз гастрольдермен үш қалада болып қайттық – Астанада, Қарағандыда және Павлодарда. Барлық жерде бізді өте жылы қабылдады. Алдағы уақытта да осылай жұмысымызды жалғастырып, жаңа дүниелер жасап, көрермендерімізді таңқалдыруды жоспарлап отырмыз, - дейді Әсем Асанханова.
Құрылғаннан бері театр көрермендер назарына «Айман-Шолпан», «Құстар фестивалі», «Мир моды», «Услышь меня», «Жаралы гүлдер», «Женитьба султана» спектакльдерін ұсынған.
- Жаңа бір туындыны жасай отырып, қоршаған әлемді өзгерте отырып адамдар үздіксіз дамиды және өздері де өзгереді. Мен де сол сияқты «Алаңым» театрына келіп қатты өзгердім, - дейді жастар театрының актёрі Қуаныш Егіншібеков.
Жас әртістер түрлі жанрларды меңгеруде - буффонад, мюзикл, драма, трагедия, комедия, фарс, феерия және тағы басқаларын.
- Осы бағыттардың белгілі біреуі екіншісіне қарағанда маңыздырақ деп айтуға болмайды. Барлық жанрлар маңызды, себебі қандай да бір дәрежеде театр өнерінің дамуына әсер еткен, - дейді Әсем Асанханова.
Жастар театрын құру туралы ой пайда болған бетте, барлық оқу орындарында, жастар жұмыс істейтін ұйымдарда труппа шақыру туралы xабарламалар жариялана бастады.
- Бұл қазіргі таңда дәстүрге айналды: біз театр өнеріне қызығушылық танытатын жастарды қабылдаймыз. Олар тек актёрлік шеберлікті меңгеріп қана қоймай, спектакльдерде рөлдерді орындауды армандайды. Біздің жастар театрының ауқымдылығы қазіргі щаманғы жастардың барлық шығармашылық қырларын қамтиды, - деп есептейді Әсем Асанханова.