Бұқар Жырау ауданының жастарына «Жігер» сыйлығы мен бизнесті дамытуға гранттар берілді

Бұқар Жырау ауданының жастарына «Жігер» сыйлығы мен бизнесті дамытуға гранттар берілді

Қарағанды облысының Бұқар Жырау ауданында түрлі қызмет салаларының белсенді және талантты өкілдерін біріктіретін жастар форумы өтті. Жастар көшбасшылары «Жігер» сыйлығымен марапатталды, ал үздік бизнес-идеялар аудан әкімінің гранттарына ие болды.

Жыл сайынғы «Жігер» сыйлығы жастар саясатын іске асыруға қосқан үлесі үшін, сондай-ақ жастар көшбасшылары мен түрлі қызмет салаларында табысқа жеткендерге беріледі. Биыл 10 номинация болды.

– Мен сыйлық беру конкурсына бірінші рет қатыстым. Оқуды жұмыспен ұштастыра отырып, Бұқар Жырау ауданы бойынша Jas Otan жастар қанатының төрайымы қызметін атқарып келем. Волонтерлікпен айналысамын, – деді «Жастар көшбасшысы» номинациясы бойынша «Жігер» сыйлығының лауреаты Оксана Семашко.

Сондай-ақ форумда ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өз ісін ашуға және дамытуға гранттар берілді. Бұл мақсатқа аудандық бюджеттен 10 млн теңге бөлінді. Ақшалай сертификаттарды 12 адам иеленді.

Ақбел ауылының тұрғыны Қуаныш Кәкібаев шлак блоктарын өндіргісі келеді.

– Төрт жыл бұрын мен осы салада жұмыс істедім – ағама көмектестім. Содан кейін өз ісімді ашуға шешім қабылдадым және грант туралы білдім. Мені қолдағанына қуаныштымын, – деп бөлісті Қуаныш Кәкібаев.

Форум Ботақара кентінде жастар коворкинг-орталығының ашылуымен аяқталды. Ол заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген, кофе-брейк және демалыс аймағы бар.

– Бұл орын мемлекеттік қолдау шаралары бойынша консультациялар өткізетін, жастарға түрлі бағдарламалар туралы әңгімелейтін диалог алаңына айналады, – дейді Жастар ресурстық орталығы директорының м. а. Жансая Ахметжанова. – Мұнда жастар бейресми жағдайда идеялармен бөлісе алады, ал оларға жобаларын іске асыруға көмектеседі. Коворкинг-орталықта ағылшын тілі және гитарада ойнауды үйрету курстары жұмыс істейтін болады. Мұның бәрі тегін негізде. Сондай-ақ, мұнда «Мәміле» ауызекі қазақ тілі клубы болады.