
Саран қаласында «Идеядан шынайылыққа қарай» атты ең үздік бизнес-жоба байқауының қорытындысы шығарылды. Қала әкімінің 1 млн теңге көлеміндегі грантын ісін жаңадан бастаған үш кәсіпкер алды.

Жеңімпаздарды марапаттау «Мотивация 2.0» форумы аясында өтті. Мұнда қаланың танымал адамдары мен бизнесмендері жастармен өз жетістіктерімен бөлісті.
– Біз жастардың қоғамдық өмірдің түрлі салаларындағы үлкен жетістіктерінің куәсі болып отырмыз. Бұл спорт, білім беру, денсаулық сақтау, әскери және мемлекеттік қызмет, журналистика, өндіріс және, әрине, кәсіпкерлік қызмет, – деді Саран қаласының әкімі Ержан Темірханов.

«Идеядан шынайылыққа қарай» байқауы Саранда үшінші рет өтті. Бірінші кезеңде 20 үздік стартап таңдалды. Жеңімпаздардың әрқайсысына 100 мың теңгеге сертификат берілді. Келесі турда ісін жаңа бастаған үш жас кәсіпкер ғана өз жобаларының әлеуеттілігін дәлелдей алды. Бұл «Номад» ұлттық спорт түрлері орталығының жобасын ұсынған Ардан Баймолдин, «Бибі-Time» ойын бөлмесінің идеясымен Эльвира Исабаева және жолдарда шұғыл техникалық авто көмек жобасын таныстырған Андрей Рагутский.
Ұлттық спорт түрлері орталығын ашу идеясын Ардан Баймолдин көптен бері ойластырғанын айтады. Жігіт көп жылдан бері жекпе-жекпен айналысады. Джиу-джитсу және грепплинг бойынша Қазақстан мен халықаралық жарыстардың чемпионы. Бапкерлік жұмыс тәжірибесі бар. Бірде ұлттық спорт түрлерімен – асықтармен және садақ атумен айналыса жүріп, оларды туған қаласында алға жылжытқысы келеді деп шешкен екен.

– Мен конкурстың бірінші кезеңінің жеңімпазы болдым, екінші кезеңде де жеңемін деп ойламадым, – деп бөлісті Ардан Баймолдин. – Ұлттық спорт түрлерін насихаттағым келеді. Мен 11 жастан 14 жасқа дейінгі жасөспірімдермен айналысамын, содан кейін ересектерді қосамын. Ең алдымен, садақпен ату, асық пен қазақша күреске баса назар аударамын. Грантқа садақтар, жебелер, нысаналар, тағандар және т. б. сатып аламын. Мен чемпиондардың бірнеше ұрпағын өсіремін деп үміттенемін.