«Теміртау-Астана» ақылы жолы қалай жұмыс істейді

«Теміртау-Астана» ақылы жолы қалай жұмыс істейді

«Теміртау-Астана» жолының ақылы бөлігі осы аптада ашылады. Ол қалай жұмыс істейтіні туралы «Қазавтожол» компаниясының өкілдері түсіндіріп берді.

Жол ақысы қанша тұрады?
Теміртаудан Астанға барар жолдың құны көліктің салмағы мен төлеу әдісіне байланысты болады. Осылайша, онлайн-алдын ала төлеу кезінде жол жүру құны жеңіл көліктер үшін 200 теңгені құрайды. Ал қолма қол ақшамен жол жүруді өтейтін болсаңыз, оның бағасы 400 теңгеге дейін ұлғаяды.
Салмағы 2,5 тоннадан төмен жүк көліктері және 16 орыннан аз автобустар үшін жолды пайдалану бағасы 700 теңге болады. Ал салмағы 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері мен 32 орынға дейінгі автобустардың жолақысы 1350 теңгеге тең. 10 тоннадан аз келетін жүк тасымалдаушы көліктерге жол ақысы 2000 теңге, ал 15 тоннаға дейінгілерге – 2700 теңге төлеу қажет болады. Салмағы 15 тоннадан асатын көлік құралдарына 3350 теңге төлеу міндеттеледі.

 

Жолақыны онлайн түрде қалай төлеуге болады?

Жолдың ақысын алдын ала payway.kz сайтында төлеуге болады. Ол үшін порталда көліктің мемлекеттік нөмірін көрсетіп, картаңыздың немесе электронды әмияныңыздың мәліметтерін енгізесіз. Төлем арнайы растаушы SMS-тен кейін түседі.
Сонымен қатар жолақыны QIWI, Касса24, Киберплат, Tenge, Wooppay және Salempay және Е100 жанармай карталары арқылы жүзеге асыруға болады. Мұндай атқарым Kaspi, Сбербанк, АТФ банк, Халық банк, Еуразиялық банк және Capital bank-тің интернет-банкинг қосымшаларында да бар. Заңды тұлғалар үшін жеке есепшот арқылы төлеу мүмкіндігі жасалған.

Кімдер үшін жол жүру тегін болады?
Жол жүру жедел медициналық көмек, өрт сөндіру қызметі, апаттық-құтқару қызметі, жол-патруль қызметі, әскери техника, жолаушы тасымалдау автобустары мен ауылшаруашылық техникалары үшін тегін болады. Сонымен қатар ақылы жолдың маңындағы ауылдардың көліктері үшін бір аудан арасында жүріп-тұру тегін болмақ.

Ақылы жолдың маңында орналасқан ауыл тұрғындары үшін жеңілдіктер қарастырылған ба?
Ия. «Теміртау-Астана» жолының маңында орналасқан ауыл тұрғындары үшін құны 1000 теңге тұратын бір жылдық абонемент қарастырылған.

Теміртаудан Астанаға өтетін басқа, тегін жол бар ма?
Ия. Теміртаудан Астанаға Теміртау-Киевка-Қабанбай батыр-Астана айналып өту жолымен тегін жүруге болады.