
Тәуелсіздік күні қарсаңында Қаражалда 21 отбасы баспаналы болды. Қалада «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ұзақ уақыт бойы бос тұрған 104 пәтерлі бес қабатты үй қалпына келтірілді. Желтоқсан айының соңына дейін кезекте тұрған 83 адамға кілттер табыс етіледі.
– Соңғы бірнеше жылда қаламызда бірнеше үй қалпына келтірілді және жерлестеріміз өмір сүру жағдайларын жақсарта алды. Біз тұрғын үйді одан әрі қалпына келтіруді жалғастырамыз – бұл басым міндеттердің бірі, – деп атап өтті қала әкімі Тілектес Досаев.
Пәтерлер көп балалы, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және басқа да әлеуметтік қорғалатын санаттарға берілді.
– Бізде алты бала бар. Үлкеніміз 15 жаста, кішіміз 2 жаста. Күйеуімнің 2-топтағы мүгедектігі бар. Кезекте 5 жыл тұрдық. Осы жылдар ішінде пәтерлерді жалға алдық. Бұл оңай болған жоқ. Енді бәрі артта қалды. Біз қала орталығынан 4 бөлмелі пәтер алдық, – деді көп балалы ана Манара Шекерова. – Сондай-ақ, әкімшілік тоңазытқышты сыйға тартты. Барлығына үлкен рахмет!
Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сауытбаевтың айтуынша, биыл 200-ге жуық отбасы баспанамен қамтылды.
– Бізде 400-ге жуық кезекте тұрғандар бар, олардың жартысына жуығы биыл баспанамен қамтамасыз етілген. Бұған дейін Жәйремде біз 5 қабатты 85 пәтерлі үйді тапсырдық. Қаражалда үй қалпына келтіріліп, әзірге 21 отбасына кілттер берілді. Қалған 83 адам жыл соңына дейін баспана алады. Қаражалда 45 пәтерлік тағы бір үйді қалпына келтіру жоспарлануда. Сондай-ақ, 36 пәтерлі үш қабатты үйдің ЖСҚ дайындалды. Кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады, – деді Нұрсұлтан Сауытбаев.