
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Кеншілер астанасы- Қарағанды» атты көрме ашылды. Шара қаланың 85 жылдығы және қарағандылық көмір кен орындарының ашылуына себепкер болған Аппақ Байжановтың 195 жылдығына арналады.
Көрме қаламыздың көпқырлы шаһар ретінде қалыптаса бастағанын және Қарағанды облысының индустриалдық орталығына айналу жолын көрсетеді. Экспозицияда Қарағанды мен Қарағанды көмір бассейнінің қалыптасуы, қаланың ҰОС және соғыстан кейінгі жылдары дамуы туралы сыр шертетін мұрағат құжаттары, фотоматериалдар ұсынылған.
Мұнда сонымен қатар шатырлардан құралған қалашық, әр жылдардағы шахтерлердің құралдары мен киімдері, геологиялық жабдықтар, қаланың негізін қалаушылар мен алғашқы көшіп келушілердің тұрмыстық заттарын көруге болады.
Көрменің ашылу салтанатында мұражай қызметерлері «Далада туған қала» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Оған өлкетанушылар, ғалымдар, мұрағаттар мен кітапханалардың мамандары, Қарағанды көмір бассейнінің ардагерлері, сондай-ақ ЖОО және колледж студенттері қатысты.
- Мен Қарағандының құрдасымын. Қаламыз қалай дамығанын көрдім, Қарағанды кеншілер қаласы ретінде өркендеп, өсіп шықты. Осында алғашқы қоныстанушылар келгенде ен дала ғана болатын. Ал қазір мұнда зәулім, әсем үйлер мен ғимараттар көп, күннен күнге қала өркендеп келеді, - деді «Кенші даңқы» белгісінің толық кавалері, еңбек ардагері Валерий Новиков.
«Кеншілер астанасы- Қарағанды» көрмесі ақпанның соңына дейін жалғасады.