Әкімдердің есептік кездесулері: Осакаров ауданында Молодёжный кентіне дейінгі жол жөнделеді

Әкімдердің есептік кездесулері: Осакаров ауданында Молодёжный кентіне дейінгі жол жөнделеді

Осакаров тұрғындары аудн әкімінің халық алдында есеп беру кездесуінде биылғы жылы билік басындағылар қандай өзекті мәселелерді шешетіні туралы білді. Ауыл тұрғындары үшін жайлы жағдай жасау басты міндет, деді аудан әкімі Нүркен Қобжанов.
Биылғы жылы Осакаров – Молодёжный автожолы жөнделетінін айтып, аудан басшысы тұрғындарды бір қуантты. Тозығы жеткен жолмен жүру жергілікті халық үшін қиынға соғып, билік өкілдерінен сол аралықты жөндеуді өтінген. Биылғы жылы автожолдың жөндеу жұмыстарына 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
Әкім кент ішіндегі көше арасындағы жолдардың жөнделетіні туралы да тоқтала кетті. Оның айтуынша, 50 млн теңге қаржы аудан орталығының үш көшесін жақсартуға жұмсалады.
Өткен жылы бюджеттік қаржы есебінен Сенокосное, Трудовое, Мирное, Звёздное ауылдарына барар жолдар қалыпқа келтірілгенін еске салды Нүркен Қобжанов.
Басты назарда сонымен қатар Молодёжный кентіндегі жылумен қамту мәселесі болып отыр. 2018 жылы кенттің екі қазандығы жөндеуден өткізілді. Биыл №7 қазандық пен жылу құбырларына ағымдағы жөндеулер жүргізу үшін қаражат қарастырылды, дейді аудан әкімі.
Келесі өзекті мәселе – сапалы ауыз сумен қамту. Биылғы жылы Осакаровка кенті, Есіл ауылы және Шоқай стансасындағы су құбырларын қалыпқа келтіруге 390,1 млн теңге бөлінді деп мәлімделді есепте. Тағы бес жоба бойынша сметалар құрылады.
- Тоғыз елді мекендердегі мектептерді жөндеуге 191 млн теңге бөлінген. Балалар қауіпсіздігін ескере келе, Елбасы барлық оқу орындарын бейнебақылау жүйесімен қамтуды тапсырған болатын. Жергілікті бюджетте бұл мақсаттарға 7 млн теңге қарастырылды. Тағы 6 млн теңге мектеп жанындағы интернаттарға күрделі жөндеуден соң жаңа жиһаз бен тұрмыстық техника сатып алуға бөлінеді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған түзеу кабинеттеріне қажетті жабдықтар сатып алынады, - деп мәлімдеді Нүркен Қобжанов.
Оның айтуынша, ауданның алты ауылдарында биылғы жылы жаңа бас жоспарлар құрылады.