
Қарағанды қаласындағы Достық үйінде жаңа коворкинг орталығы жұмыс істей бастады. Келушілер үшін мұнда жайлы оқырмандар залы жабдықталып, компьютерлер орнатылды және интернет қосылды.
Бұл өңіріміздегі кітапханалардың жанынан ашылған жастарға арналған 23-ші коворкинг орталық. Жаңа орталықтың кітап қоры 2400 баспа өнімдерімен толықтырылған. Келушілер сонымен қатар электронды кітапзхананы да пайдалана алады.
Жастарға арналған заманауи оқыту орталықтарын құру жөніндегі жоба өткен жылы бастау алған. Көбінесе олар қалалық, аудандық және ауылдық кітапханаларда орналасқан.
- Біз ол жерлерде келушілерге жайлы шарттар құрамыз: оқу залдарын ноутбуктермен және кеңжолақты интернетпен жабдықтап, оқырмандарды түрлі әдебиеттермен және қазіргі заманғы танымал кітаптармен қамтамасыз етеміз. Осылайша, жастарды дәстүрлі кітапханаларға жұмылдырамыз, - дейді «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалының «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев.
Оның айтуынша, барлық орталықтар демеушілер мен меценаттардың – жергілікті кәсіпкерлер мен тұрғындардың көмегімен ашылған.