
Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров өзінің есептік кездесулерін Октябрь ауданынан бастады. Қала басшысы Теміржолшылар мәдениет үйінде тұрғындар алдында баяндама жасады.
Кездесуге қатысқан облыс әкімі Ерлан Қошанов қарағандылықтарды қаланың 85 жылдығымен құттықтады.
- Қарағанды – біздің басты қаламыз, оның дамуына үлкен көңіл бөлінуде. Өткен жылы Мемлекет басшысы өңірімізге жұмыс сапары кезінде облыс орталығын одан әрі дамыту жөнінде жеке тапсырма берді. Болашақта Қарағанды миллионер қала болуы керек. Біз стратегияны әзірледік, жоспар құрдық, - деді аймақ басшысы.
Жаңа орталық құрылысы бойынша ауқымды жобаны іске асыру басталды. Бірінші кезең - 150 гектар жерде орналасатын жаңа шағын аудан. Болашақта жалпы ауданы 1000 гектардан асатын құрылыс аумағы Оңтүстік-Шығысты Майқұдықпен қосуға мүмкіндік береді деп көзделіп отыр.
Нұрлан Әубәкіров биылғы жылы қалада қандай өзгерістер болатынын айтты.
Оның айтуынша, Кәсіпкерлікті қолдау Картасы шеңберінде ферросилиция өндіретін жаңа зауыт іске қосылады. Құны 30 млрд теңгеден асатын жобаны іске асыру 500 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Бауыржан Момышұлы атындағы жаңа шағын ауданда 1200 орындық мектеп ашылады. Осыған ұқсас мектептің құрылысы 30-шы шағын ауданда да жүргізілуде. Жаңа орталықта Оқушылар сарайының құрылысы басталады.
Әлеуметтік саланы дамытуға бизнесмендер де қатысуда, деп атап өтті қала әкімі. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жаңа отбасылық денсаулық орталығын, ал «Рухани жанғыру» бағдарламасы шеңберінде триатлон паркін ашу жоспарлануда, деп мәлімдеді ол.
Қала басшысының айтуынша, Қарағандыда жаңа жол құрылысы, орталық мәдениет және демалыс саябағын дамыту, гүлзарларды абаттандыру, аулаларды жөндеу жұмыстары жалғасады.
Октябрь ауданының халқы шешуді талап ететін өзекті мәселелерін қозғады. Тұрғындар балабақшалардың маңын жарықтандыруды, Сұрыптау стансасындағы саябақты абаттандыруды және көгалдандыруды, қаланың осы ауданына жолаушылар көлігінің кестесін өзгертуді сұрады. Ал бір зейнеткер қараусыз қалған спорт залын қалпына келтіруді ұсынды.
Солонички ауылына барар жолды жөндеу мәселесі бойынша облыс әкімі жауап берді.
- Солонички тұрғындарының мәселелерімен мен таныспын. Сіздің жерлестеріңіздің бірі маған жеке қабылдауыма келді. Жалпы алғанда, кентті дамыту туралы сұрақтар қойылды. Содан кейін жаңа балалар алаңы орнатылды және тағы да бірқатар мәселелер шешілді. Жол жөндеуге биыл бюджеттен 248 млн теңге бөлінді. Оның ұзындығы - 9 шақырым. Көктемде жұмыс басталады және жақсы жол төселеді, - деді Ерлан Қошанов.
14 ақпанда Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров екінші есеп беру кездесуін өткізеді, онда Қазыбек би атындағы аудан тұрғындарымен жүздеседі. Қала тұрғындарын Қарағанды қалалық әкімдігінің үлкен залына шақырады. Кездесудің басталуы 15.00-де.