Ерлан Қошанов Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесті

Ерлан Қошанов Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесті

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов азаматтарды жеке қабылдау өткізді. Аймақ тұрғындары түрлі мәселелер туралы ашық әңгімелесті. Олардың арасында денсаулық сақтау, жетімдерді тәрбиелеу, жас мамандарға арналған тұрғын үй тақырыптары қозғалды, сондай-ақ коммуналдық мәселелер көтерілді.
Мысалы, Абай ауданының тұрғыны Людмила Ногина Дубовка кентіндегі рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлер туралы мәселе қозғады. Сонымен қатар жергілікті емханада күндізгі стационарларға дәрігерлер жетіспейтіні туралы сөз қозғалды.
- Бізде клуб пен спорт залы жөнделді, ол үшін үлкен алғысымызды айтамыз. Бірақ күндізгі стационар мәселесі әлі де шешілмей қалып отыр. Дәрігерлердің жетіспеуіне байланысты біз Абай қаласына барып, емделуге мәжбүрміз. Бізге мамандарды баспанамен қамтамасыз еткен кезде мәселе шешілуі тиіс деп санайды Людмила Ногина.
Облыс басшысы бұл жағдай қазір шешіліп жатқанын айтты. Денсаулық сақтау басқармасына апаттық үй берілген. Жақын арада онда жөндеу жұмыстары басталады. Пәтер кілттері жас мамандарға беріледі деп жсопарлануда. Осылайша, дәрігерлердің тапшылығына қатысты мәселе жабылатын болады.
Облыс әкіміне сонымен қатар Тәттімбет атындағы Академиялық оркестрдің бас дирижері де келді. Дүйсен Үкібай Ерлан Қошановтың қабылдауына тек өз проблемалары туралы ғана емес, сонымен қатар барлық шығармашылық ұжым туралы айту үшін келген екен. Дирижер оркестр гастрольге жиі шыға бастағанын атап өтті. Бұған қоса, ұжымда 30 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан әртістер бар екенін тілге тиек етті. Жетекшінің пікірінше, бұл музыканттардың ешқандай атағы немесе марапаттары жоқ екендігі әділетсіздік.
- Ең бастысы, ұжымымызға жас әртістер қажет. Көптеген қарағандылық дарынды адамдар Астана мен Алматыда жұмыс істейді, онда олар үшін барлық жағдай жасалған. Біздің өңірде мәдениет өкілдері үшін осындай жағдай жасалғанын қалаймын. Жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету мүмкін бе? – деп сұрады Дүйсен Үкібай.
Ерлан Қошанов өзінің орынбасары Асхат Аймағанбетовке осы сұраққа байланысты барлық мәселелерді бақылауға алуды тапсырды.
Ал «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы» ҚБ төрағасы Надежда Мубаракшина ТКШ қызметтері тарифтерін реттеу және сауданы бақылау бойынша тақырыпты көтерді.
- Бізге бірінші қажеттіліктегі азық-түлік бағасын және ТКШ қызметтерінің тарифтерін, әсіресе жылумен қамтамасыз ету тарифтерін реттеу қажет. Тағы бір үлкен мәселе – сауда. Кейбір сауда нүктелерінде бізде антисанитария бар, сатушылардың бірыңғай формасы жоқ. Жұмыс тобын құру керек және дәрі бағасын қадағалап отырғанымыздай, осының бәрін бақылау керек, - деді Надежда Мубаракшина.
Қарағандылықтар қозғаған барлық мәселелер бойынша Ерлан Қошанов өз орынбасарлары мен басқарма басшыларына тапсырмалар берді.
- Осы мәселелерді орындауға бір ай уақыт беремін. Әр сұрақ бойынша жергілікті жерге барып, оларды шешу керек. Бұл мәселелер көзге айқын көрініп отыр. Бір айдан кейін жиналыс өткіземін, не жасалғаны туралы баяндайтын боласыздар, - деді Ерлан Қошанов.