Қарағандылық төрт студент Worldskills халықаралық чемпионатында өнер көрсетеді

Қарағандылық төрт студент Worldskills халықаралық чемпионатында өнер көрсетеді

Нұр-Сұлтанда «WorldSkills Kazakhstan – 2021» VI республикалық чемпионатының нәтижелері жарияланды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарында 10 қарағандылық бар. Олардың төртеуі бірінші орынға ие болып, 2022 жылы Шанхайда өтетін халықаралық чемпионатқа жолдама алды.

Қарағанды облысының студенттері 32 құзыреттілік бойынша жарысты.

Алтын медальдарға ие болғандар: Евгений Зважий (Қарағанды көлік-технологиялық колледжі) – «Автомобильді бояу»; Виктория Вечканова (Қарағанды технология және сервис колледжі) – «Сән технологиясы»; Кирилл Пак (Қарағанды кәсіптік-техникалық колледжі) – «Графикалық дизайн»; Дана Байқошқарова (Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі) – «Визуалдық мерчандайзинг» құзыреттілігі бойынша.

«Мобильді робототехника» құзыреттілігі бойынша Ерсағын Қоныртаев (Қарағанды жоғары колледжі) және Артем Дмитриев (Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі) күміс медальдарға ие болды. Болашақ аспазшылар арасында Қарағанды коммерциялық колледжінің студенті Закир Арипов екінші орын алды.

Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенттері Исламбек Қонысбаев пен Мырзагелді Рай «Электромонтаждау жұмыстары» және «Пилотсыз ұшу аппараттарын басқару» құзыреттіліктерінде қола медаль иеленді. «Сантехника және жылыту» құзыреттілігі бойынша Қарағанды техника-құрылыс колледжінің студенті Арман Жумабеков үшінші орынға ие болды.

Тағы сегіз қарағандылық үздік медальондармен марапатталды.

Ұйымдастырушылардың ақпараты бойынша, биыл ұлттық чемпионатта еліміздің барлық өңірлерінен колледждер мен жоғары оқу орындарының 600-ден астам студенті бақ сынады. Олар 46 құзыреттілік бойынша түрлі мамандықтар бойынша дағдыларын көрсетті.

Биылғы жылғы Чемпионат жаңа форматта өтті. Егер бұрын қатысушылар елордада жиналатын болса, енді 11 өңірде алдыңғы қатарлы 38 колледж базасында көптеген алаңдар болды. Оның ішінде екі қарағандылық - техника-құрылыс, технология және сервис.

«WorldSkills Kazakhstan – 2021» жеңімпаздары мен жүлдегерлері 188 колледж және жоғары оқу орындарының студенттері болды.

WorldSkills халықаралық қозғалысы жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыруға және танымал етуге бағытталған және білікті кадрларды даярлауда жаңа трендтер жасайды.  Оған әлемнің 80-нен астам елі қатысуда. Қазақстан WorldSkills International (WSI), WorldSkills Europe (WSE) және WorldSkills Russia (WSА) толық құқықты мүшесі болып табылады.