
Қарағандыда жаңа мобильді жұмысқа орналастыру пункттері пайда болды. Бұл – қала көшелерінен кезіктіруге болатын арнайы автокөліктер. Оларды халық көп жиналатын жерлерден де, шалғайдағы шағын аудандардан да көруге болады.
Барлық тілек білдірушілерге маманмен кездесіп, кеңес алу мүмкіндігі беріледі. Жұмысқа орналасу, қайда және қандай қызметкерлер қажет екендігі туралы білуге болады. Сондай-ақ тегін қайта оқыту курстары туралы ақпарат ала алады.
- Арнайы жабдықталған автокөлік кесте бойынша жұмыс істейтін болады. Біз оны әлеуметтік желілерде, қалалық жұмыспен қамту орталығының аккаунттарында жариялаймыз. Осыған ұқсас мобильді пункттер жақын арада облыстың барлық қалалары мен аудандарында пайда болады - дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мұхтар Төлей.
Бүгін жылжымалы пункт Қарағанды орталығында 45 орамда аялдады. Түске дейін мұнда 80 адам жүгінді. Оларға жұмыспен қамту орталығының мамандары кеңес берді.
Нәтижесінде 15 адам тұрақты жұмысқа орналасуға жолдама алды, 10 адам кәсіптік оқуға жазылды.
- Сонымен қатар, 30-дан астам адам толық кеңес алып, алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға ниет білдірді, - деп атап өтті Қарағанды қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Мереке Мамраева.
Түстен кейін мобильді жұмыспен қамту пункті "Шығыс" базарына аттанады. Сондай-ақ, кеңесшілер қозғалыс кестесіне қаланың ең шалғай аудандарын да қосуды жоспарлап отыр.
Қарағандылықтар мұндай пункттердің пайда болуы өте жақсы идея деп санайды.
- Жұмысқа орналасу пунктін көріп, қандай жұмыстар барын көріп шығайын деп шештім. Мен бұрыннан бері өзіме қосымша табыс көзін іздеп жүрген едім. Маған мұнда бәрін түсіндірді, қайда бару керектігін айтты. Менің ойымша, мұндай пункттер өте пайдалы. Менің әЖұмыспен қамту орталығына баруым екіталай еді. Ал бүгін жолдама алып, барлық жұмыс ұсынушылардың байланыс нөмірлерін алдым. Осының барлығын ұйымдастырушыларға рахмет, - дейді Валерия Гудина.
26 жасар Әйгерім мамандығы бойынша жұмыс іздеуде, бірақ әлі күнге дейін бұл мүмкін болмады. Бухгалтер болып жұмыс істеу үшін кәсіби тәжірибе жетіспейді. Бүгін оған да мобильді пункт мамандары көмектесті.
- Бұл көлікті көрдім және кіріп-шыққаныма өте ризамын. Маған бірнеше бос жұмыс орындары ұсынылды, жұмысқа орналасуға жолдама берді. Мен осы ұйымдарға барып, сұхбаттасамын. Мүмкін, жолым болып, жұмыс тауып алармын. Егер болмаса, қайта оқу курсына барамын, - деді Әйгерім Алтаева.
Жұмыспен қамту орталығының мәліметіне қарағанда, Қарағандыда 1800 бос жұмыс орны бар. Тағы 500 уақытша жұмыс орны ашылды. Ол - жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар.
Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері Қарағанды облысында базарлар мен вокзалдарда орналасқан Жұмыспен қамту пункттері жұмыс істей бастады. Олар бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істейді, онда жұмысқа орналасуға, кәсіптік оқуға, өз ісін ашу және дамыту үшін шағын несие алу бойынша кеңес алуға болады. Тек соңғы айда 1000-нан астам адам осы пункттердің көмегіне жүгінді.