Қарағанды облысында жаңа мектептер, IT-сыныптар мен бөбекжайлар ашылады

Қарағанды облысында жаңа мектептер, IT-сыныптар мен бөбекжайлар ашылады

Ерлан Қошанов өңірдегі білім беру жүйесі қалай жақсартылатыны жайлы айтты. Биылғы жылы жаңа мектептердің құрылысына, IT-сыныптар мен б-бекжайлардың ашылуына баса назар аударылады.

Биылғы жылы Қарағанды облысында балабақшаларда мемлекеттік тапсырыс сомасы екі есе өсті. Бұл жеке кәсіпкерлерді балабақша және инклюзивті топтар ашуға ынталандыру жолдары болып табылады.
- Өткен жылы біз Президенттің 3 жастан 6 жасқа дейінгі барлық балалар балабақшаларда орынмен қамтамасыз етілуі тиіс деген тапсырмасын толықтай орындадық. Ендігі күн тәртібіндегі өзекті мәселе – бөбектерді және ерекше қажеттіліктері бар балаларды толықтай қамту, - деп мәлімдеді аймақ басшысы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының конференциясында сөз сөйлеген кезде.
Өңірде апатты және үш ауысыммен оқып жатқан мектептердің мәселесі шешілуде. Оқу орындары қазір жөнделіп, жаңалары салынып жатыр. Өткен жылы екі жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ол мектептер оқушыларды қабылдай бастағанда үш ауысыммен оқу мәселесі жойылады. Сонымен қатар 228 білім беру мекемелері, оның ішінде мектеп жанындағы интернаттар жөнделді.
Өңірлік билік білім сапасын арттыруға ұмтылуда. Облыстың 242 мектебінде жаратылыстану-математикалық цикліндегі пәндер ағылшын тілінде оқытылады. Білім беру мекемелерінде 209 робототехника зертханасы, 73 IT-сыныптар, 4 технопарк ашылды. Ағымдағы жылы тағы 14 технопарк ашылады.
Облыста оқу орындарының 75% ерекше қажеттіліктері бар оқушылар үшін кедергісіз орта құрды.
Сондай-ақ, 2019 жылы мектептер мен балабақшаларда тамақтану сапасын жақсарту үшін азық-түлік комбинаттары құрылады.