
Қарағанды облысында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бойынша 18 әлеуметтік жобаны іске асыру жоспарлануда. Жеке инвесторлар өз қаражатына жаңа балабақшалар, денсаулық сақтау және спорт объектілерін салады. Аталмыш нысандар мемлекеттің қатысуымен қызмет ететін болады.
Облыстық мәслихат депутаттары кезектен тыс XXII сессия барысында МЖӘ жобаларының жаңартылған тізімін бекітті. Осыған дейін болған 15 жобаға тағы үш жаңа жоба қосылды.
– Қазіргі уақытта барлық қажетті бекітулер мен сараптамалардан үш МЖӘ жобалары өтті. Олардың жалпы құны 426 млн теңгені құрайды. Осы жобалардың ішінде екеуі спорт саласында, құны – 186 млн теңге, біреуі –115,6 млн теңгеге жоспарланған тілдерді дамыту саласы бойынша жүзеге асырылады, - деп түсіндірді Экономика басқармасының жетекшісі Ораз Тәуірбеков.
Бұл ретте Қарағандыда «Өжет» спорт кешенін, Жезқазғанда Таэквондо орталығын пайдалану және облыс орталығының тұрғындарына мемлекеттік және ағылшын тілдерін оқыту жобалары туралы сөз қозғалып отыр, деп нақтылады ол.
Басқарма мәліметтеріне сай, МЖӘ бойынша Қарағанды, Шет және Бұқар Жырау аудандарында балабақшалар, Саран, Теміртау, Жезқазған қалалары мен Жаңаарқа ауданында гемодиализ және оңалту орталықтарын ашу жоспарлануда. Қарағандыда жеке инвестиция есебінен 300 төсек орны қарастырылған облыстық көп салалы аурухана салынады.