
Қарағанды облысы АӨК саласындағы инвестициялық белсенділік бойынша республикада үшінші орын алады. 2021 жылы 11,1 млрд теңгеге 15 жоба іске асырылды.
Онлайн режиміндегі аппараттық кеңесте қол жеткізілген нәтижелер мен болашаққа жоспарлар туралы айтылды.
– Мал шаруашылығы саласында екі жоба, өсімдік шаруашылығында – 7, қайта өңдеу өнеркәсібінде – 6 жоба іске асырылды, – деп баяндады ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров. – Ауыл шаруашылығында осы жылы 5 287 жұмыс орны құрылды. Жобаларды іске асыру есебінен келесі жылы ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеудің жалпы өнімі көлемінің 15 млрд теңгеге өсуі күтілуде.
Мысалы, Нұра ауданында асыл тұқымды репродуктор салынды, Абай ауданында құс фабрикасы жаңғыртылды. Сәтбаев қаласында жылыжай кешені ашылды. Жаңа астық және көкөніс сақтау қоймалары енгізілді. Облыста суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, ет пен сүтті қайта өңдеу, макарон өнімдерін өндіру жобалары іске асырылды.
Баяндамашының ақпараты бойынша, 2022 жылға АӨК-те 20 млрд теңгеге 17 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға бағытталған.
2025 жылға дейінгі жоспарда ірі ет комбинатын, қой шаруашылығы мегафермасын, түйіршіктелген жем өндіретін зауыт салу, тағы бірқатар ірі жобаларды іске асыру бар.
– Облыста 2021–2025 жылдарға арналған АӨК инвестициялық жобаларының жол картасы әзірленді. Ол 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құрумен 370 млрд теңгеге 59 жобаны қамтиды. Инвесторлармен жұмыс істеу қажет. Біздің облыстың елордаға жақын орналасуының артықшылығы бар. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығын береді. Өңір ішінде де үлкен қажеттіліктер бар, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.