Қарағанды облысында көмір өндіру көлемін 40 млн тоннаға дейін көтеру жоспарланып отыр

Қарағанды облысында көмір өндіру көлемін 40 млн тоннаға дейін көтеру жоспарланып отыр

Қарағанды облысының экономикасы тұрақты түрде дамып келеді. 2018 жылы барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсімге қол жеткізілген, деп мәлімделді әкімдік отырысында.
Есептік мәліметтерге сай, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,6 трлн теңгені құраған – 2017 жылмен салыстырғанда 250 млрд теңгеге көбірек. Ең көп өсім тау-кен өнеркәсібінде, машина құрау және фармацевтика саласында байқалады.
Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәлімдеуінше, 2019 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,5% өседі деп жоспарланып отыр.
- Биылғы жылы «АрселорМиттал Теміртау» 4,2 млн тонна көлемінде болат өндіруді жсопарлап отыр. Компания 305 млрд теңге көлемінде инвестиция сала отырып, үш жылдық даму жоспарын құрған. Бұл қаражаттың 100 млрд теңгесі 2018 жылы игеріліп үлгерген. Мыс өндірісі 390 мың. Тонна болады – ол 2018 жылмен салыстырғанда 54 мың тоннаға көбірек. Аталмыш өсім «Қазақмыс» Корпорациясы, Қоңырат компаниясының жоспарлы қуаттылығына шығуының және Sary-Arka Copper жаңа кәсіпорнының арқасында қамтамасыз етілмек. Ал көмір өндірісін 40 млн тоннаға дейін көтеру жсопарланып отыр, - деп мәлімдеді басқарма жетекшісі Ғалымжан Жұмасұлтанов.
Ол сонымен қатар биылғы жылы облыста жалпы сомасы 140 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобалар жүзеге асырылатынын атап өтті. Оларды жүзеге асыру аймағымызда 1200 астам жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Басқарма жетекшісінің айтуынша, қайта өңдеу өнеркәсібі саласында алты ірі зауыттардың құрылысы басталады, олардың төртеуі «Сарыарқа» ЕЭА аумағында орналасқан.
- Жалпы алғанда аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жақсы. Біздің басты міндетіміз – өсім көздерін табу, қарағандылықтардың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін экономиканы дамыту, - деп атап өтті облыс әкімі Ерлан Қошанов.