
Қарағанды облысының тұрғындары наурыз айының басында коммуналдық қызметтердің төмендетілген тарифтері мен есептері көрсетілген түбіртектер алады. Шот үлгісі қандай болатынын монополияға қарсы ведомство өкілдері көрсетті.
- Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша облыс, қала және аудан әкімдіктері мен біздің Департамент коммуналдық қызмет тарифтерін төмендету бойынша жұмыс жүргізді. Нәтижесінде бастаманы табиғи монополиялардың барлық субъектілері қолдады. Тарифтер облыс бойынша 10%-ға дейін төмендеді. Тұтынушылар мұны наурыз айында алатын түбіртектерден көре алады, - деді Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау Комитетінің облыстық департаменті басшысы Арман Өтегенов.
Оның айтуынша, облыста тарифтердің төмендеуінен жалпы үнемділік мөлшері 2 млрд теңгені құрайды.
Монополистер тарифтерді мүмкіндіктерге байланысты әр түрлі көлемде төмендетіп тастады. Мысалы, Қарағандыда электр энергиясы мен суық су 5%-ға, жылу энергиясы 3,5%-ға, кәріз қызметтері 3%-ға арзандады.
Кәсіпорын басшыларының айтуынша, электр энергиясына жұмсалатын шығындарды төмендету және ішкі шығындарды оңтайландыру арқасында тарифтерді төмендеу мүмкін болып отыр.
Сонымен қатар өңірімізде қоқысты шығару, лифттерге қызмет көрсету, сондай-ақ баллонды газ бағасы 4-5%-ға төмендеді.
ПИК қызметін өтейтін төлемақылар бойынша, яғни жылжымайтын мүлікке қанша төлейтінін тұрғындар өздері шешулері тиіс.