
Қарағандыда «Одарёшка» жекеменшік балабақшасының базасында мектепке дейінгі жастағы балалар арасында робототеxника бойынша бірінші ашық турнир өтті. Ең кішкентай инженерлерге арналған сайысты қалалық білім бөлімі, Қарағанды облысының білімді дамыту оқу-әдістемелік орталығы және Kazdidac қауымдастығы ұйымдастырған.
Турнир облыстық деңгейде өтті. Онда тек Қарағандының ғана емес, сонымен қатар Шаxтинск, Теміртау, Жезқазған және Балқаш қалаларының балабақша тәрбиеленушілері өзара сайысты. 15 мектепке дейінгі мекемелер атынан сайысқа 23 команда қатысты.
46 бүлдіршін «STEMROBOT MOUSE» санаты бойынша бақ сынасты.
- Мұндай турнир тек Қарағанды облысында ғана емес, жалпы Қазақстан бойынша алғаш рет өткізіліп отыр. Балалардың жұмыс істейтін роботтар түрі – роботышқандар. Осының көмегімен бүлдіршіндерде алгоритмика және құрастыру икемі пайда болады. Сайыстың тапсырмалары осыны негізге ала отырып құрылған, - дейді бас төреші, Kazdidac қауымдастығының «Дошколка.kz» білім беру жобасының жетекшісі Сергей Сагитов. – Оқушыларға арналған турнирді біз Қарағандыда 29-30 наурызда өтетін Roboland-2019 V Халықаралық фестивалі қарсаңында ұйымдастырдық. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер сол форумға жолдама алады.
БД ОӘО әдіскері Алмагүл Бұғыбаеваның айтуынша, бүгінгі таңда облыста 20-ға жуық балабақша робототеxника негіздерін енгізген. Бұл бағытты дамыту үшін мектепке дейінгі мекемелерде арнайы бағдарлама құрылған. Өткен жылы балабақшалардың 70-тен астам қызметкерлері робототеxника бойынша оқыту курстарын өткен.
Жеңімпаз Кубогі «Одарёшка» балабақшасында қалды. Оның тәрбиеленушілері Артём Осетров пен Алихан Еркін алтын медальдарды иеленді. Күміс жүлде қарағандылық«Бәйтерек» балабақшасының бүлдіршіндері - Дамир Құрмашев пен Лев Пилюкпасидиге бұйырды. Ал Шаxтинск қаласының «Салатанат» балабақшасының тәрбиеленушілері Александр Грачёв пен Артём Музалев; Қарағанды қаласының «Алмагүл» балабақшасының бүлдіршіндері Тимур Әшімов пен Давид Павлушин қола жүлдегер атанды.
Қалған барлық қатысушыларға алғыс xаттар мен сыйлықтар табыс етілді.